Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы мақұлданды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкіметте өткен кеңесте Қоғамдық қауіпсіздікті азаматтық қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қаралды.

Бұл туралы ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов тұжырымдама жобасын таныстыра отырып, үш стратегиялық бағытты атап өтті:

азаматтардың өмірін, денсаулығын, мүлкін қорғау деңгейін арттыру;

құқықбұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін құру;

полицияны қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заманауи тиімді ұйымға айналдыру.

Тұжырымдаманың басты ерекшелігі оны әзірлеу тәсілін өзгерту болды. Тұжырымдаманы әзірлеуге әуел бастан жұртшылық, ҮЕҰ, тәуелсіз сарапшылар, халықаралық ұйымдар, ғылыми қоғамдастық, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар белсенді қатысады.

Осылайша, тұжырымдамада «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес келетін қоғамның нақты сұраныстары ескерілетін болады.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша өтініштердің артуына байланысты Тұжырымдама жобасында мынадай заңнамалық өзгерістер енгізу көзделген:

әрекет етудің өтініш беру формасынан анықтайтын түріне көшу;

тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту.

Өзгерістер нашақорлықтың алдын алуға, соның ішінде есірткі тұтыну фактілерін ерте бастан анықтау жүйесін енгізуге, барлық құқықбұзушылықтың 90% құрайтын мүлікке қарсы қылмыстардың алдын алуға, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылға және басқа да салаларға да қатысты болады.

Барлық нормативтік-құқықтық актіге ревизия жүргізу, қылмыстың алдын алу жөніндегі заңнаманы жүйелеу және сарапшылармен, ҮЕҰ-мен, ғалымдармен әріптестік тетігін қарастыру ұсынылады.

Кеңеске қатысушылар жалпы Тұжырымдама жобасын мақұлдады.

Фото: primeminister.kz