Заң жобасы еліміздегі күзет қызметін, қару айналымын бақылауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ішкі істер органдары қызметінің жекелеген бағыттарын жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар, заң жобасында Мемлекет басшысының «ҚР құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар» туралы Жарлығын орындау тетіктері де қарастырылған. Мәселен, құжат бойынша қоғамдық тәртіпті бұзушыларды медициналық айықтырғыштарға жеткізу жөніндегі функцияларын қоспағанда, медициналық айықтырғыштардың қызметіне байланысты функциялары мен өкілеттіктерін Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру көзделеді.
Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарының қызметіне байланысты функциялары мен өкілеттіктерін Білім және ғылым министрлігінің қарамағына беру шаралары қарастырылады. Заң жобасындағы қару айналымын бақылауды жүзеге асыру нормасы бойынша рұқсат етілген қару түрлерін иелік етудің саны қазіргі қолданыстағы заңнамада 5-еу деп көрсетілсе, бұл 2 бірлікке дейін қысқартылады. Жеке күзет ұйымдарына иір ойықты атыс қару түрлерін ұстауға тиым салынады. Ал электрлік қару-жарақтарды міндетті түрде ішкі істер органдарына тіркеу ұсынылады. Атыс қаруының иелеріне тұрғылықты орнын ауыстыру барысында қаруды есептен шығарып, жаңа мекен-жайы бойынша 10 күннің ішінде ішкі істер органына қайта тіркеуден өткізу міндеттеледі. Құжатқа сәйкес, сондай-ақ күзет қызметін бақылау жұмысы да күшейтіледі. Мәселен, күзет қызметі субъектілерінің саны азайтылады.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.