Қоғамдық келісім мен ел бірлігі Ассамблея жұмысының негізгі бағыты ретінде жалғаса береді - М. Тәжин

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Қоғамдық келісім мен ел бірлігі Ассамблея жұмысының негізгі бағыты ретінде жалғаса береді. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин осылай мәлімдеді.

Сөз арасында Мемлекеттік хатшы 2013 жылы ҚХА тарапынан айтулы шаралар атқарылғанын, Елбасы аталмыш институттың Қазақстан қоғамында ерекше орнын атап көрсеткенін айтты. «Президент Ассамблеяға «қоғамдық келісімнің бас институты, жалпы азаматтық, жалпыұлттық ішкі саяси мүдделерден жоғары конституциялық орган» деген баға берді. Сондықтан да, қоғамдық келісім мен ел бірлігі Ассамблея жұмысының негізгі бағыты ретінде жалғаса беретін болады», - деді М. Тәжин.

Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы ұлысаралық қатынастар бойынша ағымдағы жылы атқарылған шараларға да тоқталып өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта биыл Ассамблеяның ортамерзімді кезеңге арналған стратегиялық-бағдарламалық құжаты қабылданды. 2020 жылға дейінгі бағдарламалық құжат ресурстық қамтамасыз етілген. Этникалық үдерістердің институционалдық негіздері айқындалды. «Бұдан бөлек, Ассамблеяның өз ішінде бірқатар маңызды кеңестер, пікірталастар өтті. Мұның бәрі сындарлы жағдайда болып, пайдасы да аз болмады. Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы да өтті. Жалпы осы ретте аталмыш кеңесті әлеуеті жағынан еліміздегі ең үздік сараптамалық алаң деп атар едім. Біз осы әлеуетті белсендіре түсуге тиіспіз», - деді М. Тәжин.