Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жүйесіне өзгерістер енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жүйесінің машақаты көп. Сол себепті оны барынша жеңілдету көзделген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қоғамдық кеңестермен жұмыс жөніндегі басқарма басшысы Гүлбарам Сұлтанованың айтуынша, қолданыстағы заңнама бойынша қоғамдық кеңестің бір мүшесі шығып кетсе, алдымен конкурс жарияланады. Одан кейін жұмыс тобы құрылады.

«Ондай жұмыс көп уақыт алады. Машақаты көп. Қоғамдық кеңестің бір мүшесі белгілі бір себептерге байланысты құрамнан шығып кетсе, жұмыс тобына конкурс жариялау қажет. Сосын жұмыс тобы он күн өтінімді күтеді. Одан кейін қоғамдық кеңеске тағы конкурс жарияланады. Бір адам үшін конкурс өткізудің қажет жоқ деп ойлаймыз. Кеңес құрамы бар ма, бар. Олар өздері мүшелікке адам қабылдауы тиіс», - дейді Сұлтанова.

Оның айтуынша, аталған бастамаға байланысты тиісті құжаттар жарияланды. Алдағы бір-екі айдың ішінде нақты шешім шығуы қажет.
Айта кетейік, бүгінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңес мүшелерінің қаржылай шығындарын өтеу мәселесі де зерделеніп жатыр.