Қоғамдық кеңестер қоғамның жауапкершілігін арттыруға ықпал ететін болады - Қ. Сұлтанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған заң жобасы негізінен Елбасының «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Ұлт жоспарының 99-шы қадамында Қоғамдық кеңестер туралы заң қабылдауды тапсырған болатын.

Заң жобасы арқылы Қоғамдық кеңестердің мәртебесі мен өкілеттігі бекітіліп, ол мемлекеттік шешімдердің қабылдану ашықтығын арттырады. Қоғамдық кеңестер республикалық және жергілікті деңгейде құрылады. Ауыл, село, кент, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала деңгейіндегі қоғамдық кеңестердің қызметі жергілікті қоғамдастық жиналысына жүктеледі. Қоғамдық кеңестердің ұсынымдары заңнамасында көзделген шешімдерді қабылдайтын және уәжді жауаптар беретін мемлекеттік органдардың қарауы үшін міндетті болып табылады. Сонымен қатар, азаматтық қоғамның мүддесін білдіру және мемлекеттік шешімдерді, жергілікті маңызы бар мәселелерді талқылау әрі қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, ортақ және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету Қоғамдық кеңестердің негізгі қызметі саналады.

«Әлемнің әр елдерінде қоғам мен билік арасында Қоғамдық кеңестер әріптестік, консультациялық тетіктер ретінде белгілі тәжірибе жинақтаған. Демократиялық елдерде белгілі бір мәселе бойынша қоғамның ойы мемлекеттік саясаттың орындалу бағытына айтарлықтай әсер ететіні бар. Мысалы, Францияда Экономикалық және әлеуметтік кеңес қызметі Конституцияда қарастырылған. Чехияда қоғамдық кеңестің қызметі Президенттің нормативтік-құқықтық актілерімен реттеледі»,- деді заң жобасы бойынша баяндаған депутат Қуаныш Сұлтанов.

Оның айтуынша, Қоғамдық кеңестер институттар мен азаматтардың барлық деңгейдегі мемлектетік органдар қабылдайтын шешімдерге кеңінен қатынасуын қамтамасыз ету бойынша қоғамның жауапкершілігін арттыра түседі. «Қоғамдық кеңестер шешімдері ұсынымдық сипатта болады әрі қаралуға міндетті. Кеңестердің берген бағасы мемлекеттік органдардың рейтингін айқындаған кезде ескеріледі. Бастапқы кезеңде Қоғамдық кеңестер құрамын бекіту аумақтарда мәслихат хатшысына жүктеледі», - деді Қ. Сұлтанов.

Сонымен қатар, отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.