Қоғамдық көліктегі дифференциалды тариф: Тасымалдаушылардың кірісі артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Комиссия бірнеше автобус паркін тексеріп, автобустардың жай-күйімен танысты. Сондай-ақ тасымалдаушылардың мәселелерін тыңдады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бүгін қаланың қоғамдық көлігінің маршруттық желісі 86 бағытты қамтиды: 61 қала, 7 экспресс, 18 қала маңы. Олар 844 автобуспен қамтамасыз етілген (735 автобус қалалық бағыттар бойынша, 47 экспресс, қала маңы бойынша 62 автобус). Күнделікті жолаушылар тасымалы айналымы 700 мыңнан астам.  Бұл бағыттар 8 автобус паркіне қызмет көрсетеді, оның ішінде 1 коммуналдық және 1 158 автобусы бар 7 жеке автобус паркі. 

«Қоғамдық көліктің дифференциалды тарифін енгізумен тасымалдаушылардың ресми кірісі орта есеппен 30 %-ға артты» деп хабарлады, бұл оларға жүргізушілерді ресми түрде жұмыспен қамтуға және шұғыл қажет қосалқы бөлшектер мен компоненттерді сатып алуға мүмкіндік береді», - деді «Астана ЛРТ» ЖШС басқармасының төрағасы Бекмырза Игенбердинов . 

Алайда, автопарк өкілдерінің айтуынша, оларға әлі де қаражат жеткіліксіз. Тасымалдаушылар автобус техникасының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және жүргізушілердің санын көбейту үшін субсидиялар көлемін ұлғайту мәселесін көтерді.

Қалалық әкімдік барлық автобус паркі басшыларының мәселелерін тыңдап, әкімдіктің сенімі тұрғындар тарапынан автопарк жұмысына берілетін бағаға байланысты екенін еске салды.

Сондай-ақ, төмендегідей статистикамен бөлісті. iKomek жедел әрекет ету орталығының мәліметі бойынша, екі айда қоғамдық көлік қызметтерінің сапасы нашарлығы бойынша 7721 шағым және көлік қызметтерін жақсарту бойынша 623 ұсыныс түсті. Орташа алғанда, күн сайын қоғамдық көліктерге қатысты 112 қоңырау қабылданады. (Әрбір шағым толық зерттеліп, кінәлілер жауапқа тартылады).

Жылдың басынан бастап, қызмет сапасына күнделікті мониторинг жүргізу барысында автобус жүргізушілеріне қатысты 15 723 бұзушылық анықталды. Осы бұзушылықтар нәтижесінде тасымалдаушыларға жалпы сомасы 45 494 135 теңге айыппұл салынды.

Көлік құралдарының техникалық жағдайы мен пайдаланылуына жауапты 40 лауазымды тұлғаға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 617-бабына сәйкес жалпы сомасы 1 201 250 теңге болатын әкімшілік іс қозғалды.

«Сіздер ақша сұрайсыздар. Дифференциалды тариф енгізілгеннен кейін, сіздердің ресми кірістеріңіз 30 %-ға артты. Бірақ бірде біреуіңіз шығындарды оңтайландыру және жұмыс тиімділігін арттыру туралы жақ ашқан жоқсыздар. Сіздер барлық мәселелерді субсидиялау есебінен шешуге тырысып, бірақ кәсіпорынның «экономикасын» қайта қарастырмайсыздар. Бұлай болмайды!», - деді Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов.

 «Біз субсидиялау мәселесіне қатаң қарайтын боламыз. Себебі, субсидиялар кемшін тұстарды түзетуге ғана емес, сонымен бірге кәсіпорынның тиімділігін арттыру құралы ретінде қызмет етеді», - деді қала әкімі. 

Б. Сұлтановтың тапсырмасы бойынша әкімдік жанында қоғамдық көлік кәсіпорындарының жұмысын арттыру және олардың шығындарын оңтайландыру мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды.