Қоғамдық орында жасөспірімді балағаттаған астаналық әйел айыппұл төлейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғамдық орында кәмелеттік жасқа толмаған баланы балағаттағаны үшін астаналық әйел 12 мың теңге айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сотта анықталғандай, 2018 жылдың 9 ақпаны күні көпшілік орында болған азаматша К. жасөспірім И.-дің ар-намысына нұқсан келтіретін сөздер айтқан.

«Азаматша К. өз әрекетімен қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзды», - делінген сот ақпаратында.

Сотта әйел кінәсын толық мойындап, өз ісіне өкінді.

«Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының үкімімен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 5 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деді баспасөз қызметінен.