Қоғамдық Палата отырысының күн тәртібінде - заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу мәселесі

АНА. 1 маусым. ҚазАқпарат - 3 маусым, жұма күні Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің бас ғимаратында ҚР Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық Палатаның отырысы өтетіні көзделуде.

Отырысқа Қоғамдық Палатаның мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, жоғарғы оқу орындарының ректорлары, сондай-ақ ғылыми орталықтар мен холдингтің өкілдері қатысады.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары, Қоғамдық Палатаның төрағасы Владимир Бобровтың жетекшілік етуімен өтетін отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мсн толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының күн тәртібіне шығарылатыны қарастырылуда.

Аталған заң жобасы бойынша Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі (Қаржы полициясы) төрағасының орынбасары Андрей Лукин баяндама жасайды.

Қоғамдық Палатаның отырысында Қоғамдық Палата төрағасының орынбасары Мақсұт Нәрікбаев, Мәжіліс депутаты, аталған заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі Николай Турецкийдің сөз сөйлейтіні көзделген.

Сонымен қатар отырыста Қоғамдық Палатаның мүшелері Алтыншаш Жағанова, Марат Бәшімов және Оразалы Сәбден, сондай-ақ «Атамекен» Одағы» ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев те аталған заң жобасы бойынша өз пікірін ортаға салады.

Қоғамдық Палата отырысының қорытындысында ұсынымдар қабылданатыны қарастырылып отыр.