«Қоғамдық тіл инспекциясы» фотобайқауы нәтижесінде көше жарнамаларындағы қазақ тілінде кеткен қателіктер қатаң сынға алынады
15:52, 21 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Қоғамдық тіл инспекциясы» фотобайқауы нәтижесінде көше жарнамаларындағы қазақ тілінде кеткен қателіктер қатаң сынға алынады. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының төрағасы Берік Әбдіғалиев баспасөз мәслихатында мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні көрнекті орындарда, көшелерде мемлекеттік тілде жазылатын жарнамалар, плакаттар көптеген қателіктерді жіберіп отыр. Бұның өзі мемлекеттік тілді құрметтемеушіліктен немесе немқұрайлылықтан туындайды деп те айтылып жатыр. Сондықтан да, Мемлекеттік тілді дамыту президентік қоры жыл сайын тоқсанына бір рет өткізілетін «Қоғамдық тіл инспекциясы» фотобайқауын жариялап отыр. Фотобайқау жүргізу үшін республикалық «Айқын» газетімен алдын ала келісімдер жасалды. Сонымен қатар, газет бетіне шыққан фотобайқаулар сол күйі қалып қоймайды. «Нұр Отан» ХДП-мен келісіміміз бойынша байқауда жарияланған фотолар негізінде қазақ тіліндегі жіберілген қателіктерге жауапты лауазымды тұлғаларды тауып, оларды «масқаралайтындай», қателіктерін дереу түзетуге бағытталған шараларды жүзеге асырмақшымыз. Бұл тұрғыда «Нұр Отан» партиясының әкімшілік ресурстары қолданылып, партия тарапынан ықпал жасау шаралары да жоққа шығарылмайды», деді Б. Әбдіғалиев.