«Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында «Онлайн озбырлық» деген көлемді мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Осы мақаланы жазуға «Интернеттегі балалар» атты қысқа метражды көркем фильмнің тұсаукесері түрткі болған. Аталмыш картина Майкрософт корпорациясының Windows жүйесіндегі «Ата-ана бақылауы» атты бағдарламасымен таныстыратын және Интернет ағынындағы түрлі қауіптердің алдын алуға көмектесетін қарапайым ережелер туралы екендігіне қарамастан, ғаламтормен келіп жатқан қауіп-қатерлерді ешкім енді жоққа шығара алмас. Шындығында, онлайн-озбырлықтың салдары сорақы. Мақалада бүкіләлемдік желіні қолданушылардың саны жыл сайын артып келе жатқандығы және олардың басым бөлігін балалар мен жасөспірімдерді құрайтындығы, олар виртуалды кеңістікте күтіп тұрған жасырын қауіпті аңдай бермейтіндігі кеңінен талқыға салынған.
Осы басылым Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Марат Шабақбаевпен арадағы сұхбатты жариялады. «Сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін қатаң жазалау шараларына қарамастан, оған қосымша мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін күшейту және мемлекеттік қызметте болуға байланысты тағы да шектеулерді арттыруды біз де ұсынып отырмыз. Атап айтқанда, ең маңызды бастамалардың бірі болып заңсыз баю, пара беруге уәде ету және пара ұсыну, оларды қабылдау, үшінші тұлғалардың пайдасына пара беру және коммерциялық сатып алу, ықпал етуді саудалау (теріс пайдалану), пайда болуын түсіндіре алмайтын мүлікті тәркілеу, және т.б. белгіленді»,- дейді ол. Сұхбат « Кесапат өркендеуге қауіп төндіреді» деген тақырыппен жарияланды.
***
«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Қоғамға қауіп төндіретін кеңсе» атты мақала берілген. Басқа түгіл, Қазақстандағы бүкіл ойын бизнесін реттейтін мекеменің төрағасы тұратын үйдің астында тотализатор істейді екен. Кеше Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің басшысы Тастанбек Есентаев қалаулыларға осыған шағымданды. Бұл күні Мәжілісте «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасының таныстырылымы өткен болатын. Осы құжат төраға мырзаның да мәселесін шешіп береді: тұрғын үйлерде букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар ашуға тыйым салынады.
Осы басылымның «Көкейдегі сауал» айдарында «Қазақстандықтар ерікті түрде ағза алмастыруға дайын ба?» деген мәселе көтеріліп отыр. Бұл тұрғыда газет тілшісі бірқатар мамандардың пікірін ортаға салған. Айқан Ақанов, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор: - Шындығы керек, біздің тұрғындар қандай жағдайда болмасын донор болуға әлі де дайын емес. Бұл мәселе анатомиялық заңдар негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Мұндай заң көптеген шетелдерде қолданылуда. Мысалы, әлемге танымал адамдар өздері өлген соң денесінің міндетті түрде анатомиялық залдарға өткізілуін, сөйтіп денесімен жас дәрігер-ғалымдардың немесе биологтардың танысуына жағдай жасалуы қажеттігін жазып, өсиет ретінде қалдырады. Бұл да ескеретін жайт. Мұның тағы бір жағы, қарапайым халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын қолға алу керек. Оларға өлген адамның ағзасы ауыстырып салынған адамдар туралы түсірілген бейнетаспаларды немесе өздерін көрсетіп, соның негізінде донорлықтың не екендігіне көз жеткізу қажет. Сонда нәтижелі болмақ.
***
«Экспресс К» басылымының жазуынша, 2014 жылы әлемдегі ең қымбат қала ретінде Сингапур танылып отыр. Атап айтқанда, бұл қала осыған дейін алтыншы орында тұрса, енді Токионы ысырып, біріншіге шықты. Сонымен қатар ең қымбат шаһарлардың бестігіне Париж, Осло, Цюрих және Сидней енді. Сонымен қатар алтыншыдан тоғызыншы орынға дейінгі аралықта сәйкесінше, Токио, Каракас, Женева мен Мельбурн жайғасты. Бұл материал « Сингапур стал самым дорогим городом мира » деген тақырыппен басылды.
***
«Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санында « Афганская статистика » деген материал берліген. Ауғанстан үкіметінің есебіне қарағанда, соңғы 10 жылда көтерілісшілермен соғыс кезінде 14 мыңға жуық қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері ажал құшты. Осы мерзімде 16,5 мың әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері жарақат алған.