***
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен еліміздің өндіріс ошағы Павлодар облысына келді. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Өндірісті өңірдің ертеңі кемел» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның атап өтуінше, Елбасы Павлодар облысындағы жұмыс сапарының алғашқы күні Ақсу қаласындағы «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ-тың Ақсу жылу электр стансасында болып, жақында пайдалануға берілген №2 энергоблоктың жұмысымен танысты. Мемлекет басшысының Павлодар өңіріндегі жұмыс сапары жайында газеттің бүгінгі санына оқыңыздар.
«Түрік Республикасына ресми сапармен келген Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов кеше Анкарада бірқатар екіжақты кездесулер өткізді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Бауырластықтың тамыры тереңде жатыр» деген тақырыппен жарияланған мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Е. Қазыхановтың Түркияның Сыртқы істер министрі Ахмед Дауытоғлымен кездесуінің нәтижесінде екіжақты құжаттар - Қазақстан мен Түркия сыртқы істер министрліктері арасындағы дипломатия саласында кадрларды даярлау және біліктілікті арттыру туралы меморандумға және Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасы сыртқы істер министрліктері арасындағы 2012-2013 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.
***
Тәуелсіз Мемлекетіміздің басшысы Н.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауында бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші - білім мен ғылым саласына баса мән беріліп келеді. Биылғы Жолдауында Елбасы мектепке дейінгі мекемелер желісін кеңейтуді басым бағыттардың бірі ретінде белгіледі. Үкіметке әкімдермен бірлесіп үстіміздегі жылы «Балапан» бағдарламасын әзірлеп, іске асыруды жүктеген болатын. Бүгінгі таңда құрылыс қарқыны әлеуетті Атырау өңірінде «Балапан» бағдарламасы аясында мектепке дейінгі балаларды балабақшалармен қамту мәселесі қалай жүргізіліп келе жатқанын білгіңіз келсе, «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Балапан» бағдарламасы жүзеге асып келеді» деген мақалаға көз салыңыз.
«Бүгінде баспана халықтың бас ауруына айналып отыр. Үкімет халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етудің түрлі жолдарын, тығырықтан шығудың амалдарын қарастырумен келеді. Бірақ түйіні қатты мәселе төңірегіндегі дау-дамай бір толастамай тұр. Жуырда ипотекалық несие арқылы үй алғандар өз наразылықтарын алға тартып, қайта төбе көрсетті. Осыған орай, Алматыда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті», - деп жазады «Айқын» газеті. Баспасөз мәслихаты барысында көтерілген мәселелер жайында «Тағы да борышкерлер мәселесі сөз болды» деген мақаладан егжей-тегжейлі мағлұмат аласыздар.
***
«Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік санында «Муай-тайшыларымыз мерейімізді асырды» деген тақырыппен жарық көрген мақалада спорттың осы түрін жанына серік еткен қазақстандық спортшылардың Латвияның Лиепая қаласында өткен Еуропа кубогынан мол олжамен оралғандығы кеңінен баяндалған. «Балтық жағалауы елінде өткен дүбірлі додаға 11 спортшымыз аттанып, соның 10-ы қоржынымызға медаль салды. Оның ішінде жетеуі алтыннан алқа тағынып, еліміздің әнұранын шырқатты»,- деп жазады басылым.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, экономика ғылымының докторы, профессор, академик Кенжеғали Сағадиевпен арадағы сұхбат «Қоғамның рухани негізі мықты болмаса, экономика осалдық таныта береді» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген халық қалаулысы: «Ұлттық байлықтың жан басына шаққандағы көлемі жөнінен біз көптеген елден әлі тым арта келеміз. Мысалы, осы көрсеткіш дамыған ел - Сингапурда 30 мың доллар шамасында болса, алдыңғы қатарлы елдерге жақын Венгрияда 14 мың доллардан асады. Яғни біздің адам басына шаққандағы табысымыз осы елдерден бес-он есе төмен», - дейді.
***
«Кеше Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінде көшпелі кеңес өткізіп, 2011 жылдың 7 айындағы кеден органдары қызметінің қорытындысымен танысты», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, кеден органдарының 2011 жылдың 7 айындағы қызметінің нәтижелері туралы ведомство төрағасы Серік Баймағанбетов баяндады. Кеңесте 2008-2012 жылдарға арналған ҚР кеден қызметін дамыту Жобасын іске асыру, Кеден одағына қатысушы мемлекеттер кеден органдарының өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ Электрондық декларациялау бағдарламасының орындалу барысы қаралды.