Көгілдір отын тапшылығын Қазақстан халқы сезінбеуі тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Газ құбыры тартылған өңірлер көгілдір отынның қадірін әсте жақсы біледі. Қысы қаһарлы Қазақстан үшін отынның бұл түрі өте қажет екені де әркімнің қаперінде. Осы орайда тариф саясатындағы құбылыстарға тоқталған кезде, ішкі нарықтың жағдайын, яғни халықтың ахуалын бірінші кезекте ойлаған абзал. Себебі, тариф деңгейін қарқынды өсіргенімен, халықтың табысы да осылайша шарықтап отырмағаны анық.

Бүгін өткен Үкімет отырысында Министрлер кабинетінің мүшелері газдың көтерме бағасын талқыға салды. Заң бойынша өңірлерге келетін газдың көтерме бағасы әр облыстың ішінде бірдей болуы тиіс. Ал қазіргі таңда бұл баға әртүрлі болып отыр. Бұл тұрғыда Мұнай және газ министрлігі осы мәселені реттеу жұмыстарын атқарып жатқан көрінеді.

Аталған ведомствоның басшысы Ұзақбай Қарабалиннің сөзіне қарағанда, мұнай-газ және энергетика саласын дамыту бойынша ведомствоаралық комиссияның отырысында газ бағасын 2014 жылғы 1 мамырға дейін қолданыстағы деңгейде сақтау туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, 2013 жылдың деңгейінде аталған мерзімге дейін газ бөлу ұйымдарымен ішкі нарыққа тауарлық газды жеткізу кестесі де сақталады. Қазіргі кезде ішкі нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме сатудың шекті бағаларын айқындау ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатқан көрінеді.

«Біз бүгін бекітіп отырған газ бағасын қалыптастыру қағидаттары газ бағасының кенеттен көтерілуіне ықпал етпеуі тиіс, әсіресе, жылу беру маусымының орта кезінде. Бұл нөмір бірінші мәселе. 1 мамырдан бастап өңірлерде көтерме бағаны қалыптастыру туралы шешімді қабылдасақ та, дегенмен бұл мәселелерді жіті бақылауда ұстап отыру керек», - деді Үкімет басшысы Серік Ахметов.

Өз кезегінде ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов газ бағасының күрт артуына жол берілмейді деп сендірді. Бүгінде ТМРА мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе тұтыну топтары бойынша тауарлық газға дифференцияланған бағаларды есептеу әдісін әзірлеуде. Аталған әдіс халық үшін және жылу энергетикалық компаниялар мен ҮИИД МБ аясындағы жобалар бойынша газ бағасының күрт артуына жол бермейтін көренеді. 1 мамырдан бастап әр өңір бойынша дифференцияны ескере отырып, тұтынушылар үшін соңғы баға бекітіледі. Атап айтқанда, кейбір өңірлерде газ бағасының деңгейі артқан жағдайда, онда бұл өзгерістер белгіленген инфляция дәлізі аясында жүзеге асырылады. Осы орайда бүгін өткен Үкімет отырысында бұл мәселеге Премьер-Министр Серік Ахметов айрықша мән беру керек екенін атап өтті. Агенттікте реттеуші ретінде аталған тапсырманы орындау үшін барлық заңнамалық тетіктер бар.

Сонымен Қазақстанның әр өңірі үшін газды сатып алуға дифференциалды баға енгізіледі. Әлеуметтік аспектілер, газ ресурстары және оның ағымдағы бағасы ескеріле отырып, әр облыс үшін көтерме бағаны анықтауда бөлек қадамдар пайдаланылмақ.

«Бағаны қалыптастыру тұжырымдамасы ұлттық оператормен бірде бір өңірден табыс жасауды қарастырмайды. Газға ұсынып отырған бағалардың өзінде ұлттық оператор ішкі нарықта осы отын түрін сатудан шығынға бататын болады», - деп нақтылап өтті министр.

Бұдан бөлек Мұнай және газ министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда геологиялық газ ресурстары (Каспий шельфінде ашылған жаңа кен орындарын есепке алғанда) 6-7 трлн. текше метрден асады. Шығарылған қор көлемі 3,8 трлн. текше метрден жоғары. Мәселен, Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарының қоры Қазақстанның барлық қор көлемінің 75 пайызын құрайды.

Дегенмен де Қазақстанда 2024 жылға қарай газ тапшылығы сезілуі мүмкін екен. Ұ. Қарабалиннің сөзінше, бұған газды кері айдау көлемінің артуы себеп болуда. Атап айтқанда, Қазақстанда өндірілетін газдың 90 пайызы ілеспе газ болып табылады. Мұнай-газ кен орындарынан бастапқыда сұйық франциялар өндіріледі. Қазіргі кезде өндірілетін мұнайдың ілеспе газының бір бөлігі, яғни шамамен 30 пайыз жер қабатындағы қысымды сақтау үшін кері айдалады.

Бұл тұрғыда министр мырза елімізде Газ саласын дамытудың тұжырымдамасы әзірленіп жатқандығын айта келе, Қазақстан газдың жаңа кен орындарын игеруді жоспарлап отырғандығын алға тартуда. Елімізде ішкі нарықта газ тапшылығын алдын алу бойынша, сондай-ақ геологиялық жұмыстарды жандандыру мен жаңа газ кен орындарын пайдалануды іске қосу тұрғысындағы жұмыстар жүргізіледі. Елімізде газ саласын дамыту тұжырымдамасында аудандарға, елді мекендерге және басқа да нысандарға газ тартудың басымдығын анықтау бойынша өлшемдер айқындалады. Осыған сәйкес, газ балансы ауысуы мүмкін. Сонымен қатар Ұ. Қарабалин газды даярлау бойынша бірыңғай инфрақұрылымды енгізу, ішкі нарыққа газды жеткізу бойынша көліктік инфрақұрылымды әртараптандыру және басқа да мүмкіндіктер қарастырылатынын атап өтті.