«Көк тудың желбірегені»: Тәуелсіздіктің көк туын көргенде туған өлең
АСТАНА. KAZINFORM — «Көк тудың желбірегені» өлеңі — шекара асып, Отанын аңсап оралған қазақтың жан тебіренісі.
Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болған Алмас Ахметбекұлы әр қазақтың жүрегіне жатталған туындының шығу тарихын айтып берді.
– Мен осыдан 32 жыл бұрын арғы беттен, Шәуешек деген жерден Отаныма оралдым. Біз ол кезде ата жұртты аңсап келе жаттық. Өйткені біз елімізге Тәуелсіздіктің 14-айында жеттік. Ол жақтағы жұмысымыздың бәрін тастап кеттік. Бізге бәрінен де Тәуелсіздік пен мемлекет қымбат еді. Біз сондай сезіммен тәрбиелендік. Ата-бабамызда да осы Отанға деген аңсау болған. Өзіміз ел арасында танылған ақын едік. Шекарадан өтіп келе жатқанда, Қорғаста көк ту желбіреп тұрды. Ол күн — 1993 жылы 22 ақпан болатын. Көк тудың қабылданғанына 7–8 ай ғана болған еді. Ол — Тәуелсіздіктің символы, ұлттың, мемлекеттіліктің келбеті. Мәңгілік бостандықтың биікте желбіреп тұрған жарқын жалауын көргенде ерекше әсер етті, – дейді ақын.
Автор көмейіне өлең жолдары келгенде көңілі босап, көзіне жас алғанын да жасырмады.
– Ақтаулық Қалыбек Кенжәлі деген жігітпен танысып, бірге келе жатыр едік. Ол жігіт менен «ақынсыз ба?» деп сұрады. Мен «иә, қайдан білдіңіз?» деп едім, ол «көк туға қарап қатты толқып кеттіңіз ғой» деді. Сол сәтте туған өлең. 10 шумақ өлең жүректе жазылып қалды. Әні 6–7 жылдан кейін жазылды.
Көк тудың желбірегені –
Бақыттың елжірегені,
Қиырда қалған қазақтың
Атажұртына жете алмай
Көзінің мөлдірегені, – деген кезде көзіміз мөлдіреп шыға келді ғой. Міне, бүгінде оған да 32 жылдан асып кетіпті, - дейді автор.
Алмас Ахметбекұлы өз өлеңін әр тыңдаған сайын ерекше әсер алатынын жеткізді.
– Бұл әнді әр тыңдаған сайын алғашқы сезімнен артық болмаса, әсерім кем болмайды. Себебі, осындай рух әр қазақтың жүрегінде бар. Тек елдің бәрі ақын болмаған соң, сөз болып сыртқа шықпайды. Міне, сол жұрттың жүрегіндегі пернесін, кез келген қазақтың жан дүниесіндегі керемет тебіреністің үстін дөп басқан өлең болғаннан кейін, халыққа да кең тарады. Бұны менің әнім деп меншіктене беруге болмас. Бұл — барлық қазақтың жүрегінен шығып тұрған жалынды рухтың үні, – дейді студия қонағы.
Ақын Әнұранның авторы Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығын жоғары бағалайды. Тіпті оған арнап «Жұмекеннен 100 өлең» кітабын жазған.
– Жұмекен Нәжімеденов — менің өлеңдегі, көркемдіктегі, әдебиеттегі, поэзиядағы, ұстанымдағы кумирім. Әдебиет деген не? Әдебиет деген — өзіңді халыққа ұсыну. Ұсынатын сыйлық әдемі, көркем болу керек қой. Ол — ұлттың мүддесінен шығуы керек. Жұмекен — міне, сондай адам. Ол ұлттың ұранын осыдан 70 жыл бұрын, 1956 жылы жазып қойған. Қазіргі уақытта «Ұлт ұраны және ұлы ақын» деген кітап дайындап жатырмын. Биыл ол кісінің 90 жылдығы. Оның дастандарын қосқанда 1400 өлеңі бар. Бірақ өзі өмір сүрген Кеңес Одағына бір де бір өлең арнамаған. Бар шығармашылығын ұлтқа ғана арнаған.
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!Бұл — әнұранның өзегі. Жұртты орнынан тұрғызып, кеудесін ұстататын сөз.
Ал осы сөзді ол небәрі 21 жасында айтқан. Бұл өлең әнұран болмай тұрып-ақ бүкіл ұлттың рухын бодандыққа жібермей ұстап тұрған өлең ғой. Сондықтан біздің әнұранымыздың өлеңі — мінсіз. Және оның авторы Жұмекен де — мінсіз, – дейді Алмас Ахметбекұлы.
Айта кетейік, бұған дейін Иран мен Қытайдан оралған қандастардың теріскейдегі тыныс-тіршілігі туралы жазылды.