КӨКЕЙКЕСТІ: Вьетнам Қазақстанды өзінің Орталық Азиядағы маңызды әріптесі ретінде қарастырады - ВСР президенті Чыонг Тан Шанг

НОЙ. 17 қазан. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Қазақстанның көшбасшысының Вьетнамға алғашқы мемлекеттік сапары қарсаңында Вьетнам социалистік республикасының президенті Чыонг Тан Шанг «ҚазАқпарат» ұлттық ақпарат агенттігіне эксклюзивті сұхбат берді.

- Құрметті Президент мырза! Ең алдымен, «ҚазАқпарат» ұлттық ақпарат агенттігіне сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін Сізге зор алғыс айтқым келеді. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вьетнамға жоспарланып отырған сапарының бағдарламасы қандай және алдағы келіссөздер барысында Сіз қандай мәселелерді талқыға салуды жоспарлаудасыз? Қандай да бір құжаттарға қол қою күтілуде ме?

- Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вьетнамға алғашқы сапары екіжақты қарым-қатынастардың дамуының жаңа сатысын ашады. Сапар аясында біз Қазақстан Президентімен келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қою шарасына қатысамыз. Вьетнамның жоғары басшылығымен кездесуден бөлек, Президент Назарбаев Ханой мен Хошимин қалаларының индустриалдық нысандары мен тарихи-мәдени көрікті жерлерін аралап, бір вьетнамдық университеттің студенттермен пікірлеседі.

Екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүдделі тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, білім, спорт, мәдени салалардағы ынтымақтастықты одан әрі қарай дамыту, сонымен қатар халықаралық және аймақтық форумдардағы ықпалдастықты арттыру мәселелерін де сарапқа салады. Сапар барысында қаржы, ауыл шаруашылығы, білім, туризм, әділет, сонымен қатар аймақаралық ынтымақтастық мәселелер бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылады.

Президент Назарбаевтың Вьетнамға сапары табысты өтіп, саяси қатынастарды, сонымен қатар сауда-экономикалық және өзге де бағыттардағы даму белсенділігін арттыратынына сенемін.

- Сізге қазақстандық-вьетнамдық жалпы саяси-экономикалық ынтымақтастықтың болашағы қалай көрінеді?

- Вьетнам өзінің дәстүрлі әріптестері, оның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынастарды дамытуды басты назарда ұстап отырады. Вьетнам Қазақстанды бұрынғы кеңестік кеңістіктегі және Орталық Азиядағы маңызды әріптесі ретінде қарастырады.

Саяси тұрғыдан алғанда Вьетнам мен Қазақстанды біздің халықтар арасын жалғаған берік достыққа негізделген ынтымақтастық байланыстырады. Вьетнам премьер-министрінің 2009 жылдың қыркүйегіндегі Қазақстанға ресми сапарынан кейін екіжақты қарым-қатынастардың дамуы көрініс табуда. Тараптар Вьетнам мен Қазақстан арасында 2011-2013 жылдарға арналған Бірлескен әрекет жоспарына қол қойды. Оның негізіне саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға басты шарт ретінде қаланған.

Вьетнам мен Қазақстан БҰҰ, Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық кеңесі (АӨСШК) секілді аймақтық және халықаралық форумдарда тығыз ықпалдасады. Вьетнам біздің еліміздің 2010 жылы АӨСШК-ке қосылу үрдісіне белсенді қолдау көрсеткен Қазақстанды жоғары бағалайды.

Алдағы уақытта біздің елдер арасында партияаралық және парламентаралық ынтымақтастық орнатылып, дами түсетініне сенемін. Осы арқылы Вьетнам мен Қазақстан арасында достық қарым қатынастар мен ынтымақтастықты дамыта түсуге қолайлы жағдай жасалмақ.

Біз Қазақстанның алдағы уақытта Вьетнамда дипломатиялық өкілдік ашу туралы ниетін құп аламыз, осы арқылы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жағдай жасалып, халықаралық аренада да ықпалдастықты дамыта аламыз.

Экономикалық салада Вьетнам мен Қазақстан экономикалық ынтымақтастығы үлкен әлеуетке ие. Біздің елдердің экономикасының оларға өзара алмасып, бір-бірін толықтырып отыратын мықты қырлары бар. Вьетнам Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдеріндегі, теңіз өнімдеріне, киім, аяқ-киімге қатысты сұранысын толығымен қамтамасыз етіп, Қазақстаннан түсті металл мен тыңайтқыштарды импортқа шығаруға ниет білдіріп отыр.

- Вьетнам жуырда Ұлттық жиынға сайлау өткізіп, үкіметтің жаңа құрамын жариялады. Елдегі қазіргі саяси және экономикалық ахуал туралы қысқаша айта кетсеңіз.

- «Дой мой» (жаңару - автордың ескертпесі) үрдісінің орасан зор тарихи маңызды жетістіктері соңғы 25 жылда біздің елдің әлпетін өзгертіп, Вьетнамға аз дамыған елдер қатарынан шығып, халықтың жан басына шаққандағы орташа өмір сүру деңгейіне сай елдер тобына енуге мүмкіндік алды. Қазіргі Вьетнам - тұрақты саяси және әлеуметтік жағдайы, қарқынды дамып келе жатқан экономикасы, көптеген жылдар бойына шамамен 7,5 пайызға жыл сайынғы ЖІӨ өсімі бар дамып келе жатқан бейбіт ел болып табылады. Сонымен қатар, Вьетнам дағдарыс кезеңінде оң өсім қарқынына ие аздаған елдердің қатарында: біздің елдің ЖІӨ өсімі 2009 жылы 5,32 пайызға, 2010 жылы 6,7 пайызға, ал биылғы жылы 6 пайыз деп болжанып отыр, әзірге біз 5,76 пайыздық өсім алдық. Вьетнам социалистік бағыттағы нарықтық экономикаға табысты өтті, ол халықаралық интеграцияға кең түрде әрі терең бойлап енуде.

Экономикалық дамумен қатар Вьетнам мәдени және әлеуметтік салада да маңызды табыстарға қол жеткізді. Біздің тұрғындардың материалдық және рухани дамуы үздіксіз жақсарып келеді. Қоғамның демократиялануы да артып келеді. 90 млн. адам халқы бар елде ЖІӨ жан басына шаққанда 2010 жылы 1.168 АҚШ долларын құрады, ол 1995 жылғы көрсеткішті төрт есеге асырып отыр. Біздің ел Мыңжылдықтың мақсаттарының елеулі бөлігін орындап шықты, оның ішінде біз он жылға ерте кедейлікті жою мақсатын орындап, кедей отбасылар санын халықаралық стандарт бойынша 1993 жылғы 58 пайыздан 2010 жылы 9,5 пайызға дейін қысқарттық.

Қазіргі уақытта Вьетнам 179 мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатқан. Әлемнің 224 елі мен аймағымен сауда-экономикалық қатынастарды дамытуда. Вьетнам 2008-2009 жыдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі сапында, 2010 жылы АСЕАН төрағасы қызметінде миссияларды табысты орындай алды. Вьетнам ССҰ, АСЕАН, АСЕМ, АТЭС, Қосылмағандар қозғалысы, Әлемнің франкотілді елдерінің ынтымақтастығы халықаралық ұйымы (Франкофония) және өзге де маңызды халықаралық және аймақтық ұйымдардың белсенді мүшесі болып табылады.

- ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вьетнамға сапары біздің елдің Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту қарсаңында жүзеге асырылады. Сіз Қазақстанның егемен ел ретіндегі жетістіктеріне баға бере аласыз ба? Сіздің Қазақстан халқына айтар тілегіңіз қандай?

- Вьетнам Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығындағы Қазақстанның Қазақстан Республикасының егемендік алғаннан бергі соңғы 20 жылдағы барлық салада қол жеткізген жетістіктерін жіті қадағалап, қуаныштарын бөлісіп отырады.

Саяси және әлеуметтік тұрақтылық қамтамасыз етілді, Қазақстандағы экономикалық реформалар жарқын нәтижелерді көрсетуде, экономикалық дамудың жоғары қарқыны сақталуда (ЖІӨ орташа өсімі жылына 7 пайыз), халықтың әл-ауқаты елеулі түрде жақсарды. Осының барлығы Қазақстанның даму бағытының дұрыстығын көрсетеді.

Көпқырлы және жайлы сыртқы саясатты жүзеге асыру кезінде Қазақстан әлемнің барлық елдерімен екіжақты қарым-қатынастарды нығайтып, халықаралық және аймақтық ұйымдардағы өзінің рөлі мен ұстанымын бекітіп, арттыра алды. Қазақстан әсіресе ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде өзін жақсы көрсетіп, 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өз деңгейінде өткізе алды. Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған АӨСШК конференциясы маңызды дауысқа ие болып, аймақ пен әлемнің өзінде өзіне назарды аударып отыр. Біз Қазақстанның Азия аймағы мен жалпы әлемдегі бейбітшілік, тұрақтылық, ынтымақтастық пен дамуды қамтамасыз ету бағытындағы қосқан үлесін аса жоғары бағалаймыз.

Елдің 2010-2020 жылдарға арналған даму стратегиясы мен 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында Президент Н.Назарбаев тұрғындардың елеулі бөлігінің мүдделері мен сұраныстарына жауап беретін Қазақстанның дамуының нақты бағытын нақтылады.

Қазақстандағы өткен президенттік сайлау нәтижелері Қазақстан халқының Президенттің ұстанған бағытына сенімін тағы бір паш етті. Осы сенімің арқасында ол «Ұлт көшбасшысы» атанды.

Мүмкіндікті пайдалана отыра, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа және «ҚазАқпарат» Қазақ ақпарат агенттігі арқылы Қазақстан халқына өзімнің шынайы тілектерімді жеткізгім келеді. Құрметті қазақстандық достар, Сіздер өздеріңіздің өркендеу, байлық пен бақытқа бастаған жолдарыңызды нық сеніммен өтулеріңізге тілектеспін.

- Сұхбатыңызға рахмет, Президент мырза!