Көкірекбаев Таразда Универсиада-2017 Алау эстафетасын жүгіріп өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Тараз қаласында 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадасының өңірлік Алау эстафетасы өтті, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.


Алау эстафетасын Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастады.

Эстафетаның өңірлік кезеңінің өткізу бағыты 12 шақырым болып бекітілді. Ол Тараз қаласындағы жоғары оқу орындарын және қаланың көрікті орындарын қамтитын болады. («Көне Тараз» археологиялық паркі - ТарМУ - ТИГУ - ТарМПИ - ҚР Тұңғыш Президенті саябағы - «Қазақ хандығы» мемориалды монументі - «Тараз-Арена» спорт сарайы)

  

Алау эстафетасының І кезеңі «Көне Тараз» археологиялық паркінен басталып,  ҚР Тұңғыш Президенті саябағында аяқталды. «Көне Тараз» кешенінде студенттер флешмобы, ежелгі қала туралы арнайы фильм көрсетілді.

 

ІІ кезеңі ҚР Тұңғыш Президенті саябағынан басталып, «Тараз-Арена» спорт сарайында аяқталды.

  

Эстафетаға Олимпиада жүлдегері A.Таңатаров, «Қазақстан Барысы» және «Барыс Еуразия» Б.Ыстыбаев, Қарулы Күштердің спортшылары арасында Азия чемпионы және әлемдік бокстың бірнеше жеңімпазы О.Сәттібаев және басқа да атақты спортшылар қатысты.

29 қаңтар күні Алматы қаласына Жамбыл облысы атынан Универсиада алауын жеткізетін болып қазақ күресінен Әлем чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дәулет Пахрединов бекітілді.