Алматыдағы 38 қалалық емханада мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылған. Былтыр жаздан бері бір жыл ішінде тұрғындар осы контейнерлерге 1 200 келіге жуық дәрі-дәрмек қалдығын тапсырды. Жиналған қалдықтар қауіпсіз жолмен жоюға жіберілді.
Жобаны ECO Network экологиялық қауымдастығы STADA фармацевтикалық компаниясымен бірлесіп жүзеге асырып келеді. Орнатылған контейнерлердің арқасында тұрғындар жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді тұрмыстық қоқыстан бөлек жинауға тапсырады.
Дәрі-дәрмек жинау пункттерінің жұмысын бағалауға Satbayev University студенттері қатысты. Еріктілер 34 емхананы аралап, тұрғындардың жоба туралы хабардар болуын және медицина қызметкерлерінің бастамаға қатысу белсенділігін бағалады. Тексерілген емханалардың 70%-дан астамы жоғары нәтиже көрсетті.
Еске салайық, шілде айында дәрі-дәрмек жинау бойынша № 1 қалалық емхана көш бастап, 79,5 келі қалдық жинады. Үздік бестікке № 23 емхана — 71,45 келі, № 4 емхана — 70,2 келі, № 17 емхана — 66,6 келі және № 12 емхана — 65,6 келі көрсеткішпен енді.
— Мерзімі өткен дәрілерді бөлек жинау қоршаған ортаның ластану қаупін азайтуға көмектеседі. Тұрмыстық қоқысқа тасталған немесе кәріз жүйесіне төгілген дәрілік заттар топырақ пен суға түсуі мүмкін, — деп түсіндірді мамандар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, арнайы контейнерлер мұндай қалдықтарды бөлек жинап, қауіпсіз жолмен жоюға жіберуге мүмкіндік береді.
Бұдан бұрын мерзімі өткен дәрілердің 7,5 мың рет сатылғаны анықталды.