Пенопластты қайда тапсыруға болады? Оны қабылдауға қандай талап қойылады және қайта өңдеу процесі қалай жүреді? Бұл туралы GreenUp KZ қоғамдық қорының координаторы Гүлдана Орақбаева Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтып берді.
Оның сөзінше, қор Алматының әр жерінде қалдықтарды бөлек жинауға арналған экоакциялар ұйымдастырады. Шараның өтетін орны, уақыты мен қабылданатын қалдық түрлері әлеуметтік желілерде алдын ала жарияланады.
– Тұрғындар экоакцияларға пенопласт пен басқа да сұрыпталған қалдықтарын әкеліп тапсыра алады. Қайда, қашан өтетіні және қандай қалдықтар қабылданатыны туралы ақпаратты әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан білуге болады, – деді Гүлдана Орақбаева.
Пенопласт қалай қайта өңделеді?
Экоакцияларда жиналған пенопласт арнайы кәсіпорынға жіберіледі. Онда ол алдымен ұсақ түйіршіктерге айналдырылады. Кейін арнайы қоспалар қосылып, құрылысқа арналған блоктар жасалады.
– Пенопласт зауытта ұсақ түйіршіктерге айналдырылады. Оған құрылысқа арналған арнайы қоспалар қосылып, блок жасалады. Бір блоктың салмағы шамамен 20-25 келі болады. Оны жылу мен дыбысты оқшаулауға пайдалануға болады, – деді қор өкілі.
Қайта өңдеуге өткізілетін пенопласт таза әрі құрғақ болуы керек. Оған басқа қоқыс араласпағаны жөн. Ластанған немесе суланған материалды қайта сұрыптауға қосымша уақыт пен қаражат қажет.
– Пенопласттың таза болуы маңызды. Егер пенопласт басқа қалдықтармен араласса немесе суланса, қайта сұрыптауға тура келеді. Бұдан басқа ерекше талап жоқ, – деді ол.
Экоакцияға қатысушылар көбейген
GreenUp KZ қоғамдық қоры бұл бағытта 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алғашқы акцияларға шамамен 500 адам қатысқан. Қазір бір шараға 2 мыңнан 2,5 мыңға дейін тұрғын келеді.
– Үш-алты сағаттың ішінде 4,5 тоннаға жуық қалдық жинаймыз. Акцияларға тұрақты келетін тұрғындардың біразын қазір танитын болдық, – деді Гүлдана Орақбаева.
Оның айтуынша, кейінгі жылдары қалдықты сұрыптауға қызығушылық арта түскен. Әсіресе жастар белсенді. Бұған әлеуметтік желілердің де ықпалы бар.
Қалдықты сұрыптауды неден бастаған дұрыс?
Қалдықты сұрыптауды енді бастаған адамға оның барлық түрін бірден ажырату қиын болуы мүмкін. Сондықтан қор координаторы қарапайымынан бастаған жөн екенін айтады.
– Алдымен шыны, қағаз және пластикті бөлек жинауға болады. Уақыт өте келе пластиктің бірнеше түрі барын, олардың бәрі бірдей қабылданбайтынын түсіне бастайсыз. Ең бастысы – қарапайым қадамнан бастау, – деді ол.
Экоакцияларда пенопластпен қатар пластик, қағаз, шыны, пайдаланылған батарейкалар мен май қабылданады. Тұрғындар кітап пен үй өсімдіктерін алмастыра алады. Балалар үшін түрлі шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.
Мұндай шаралар жылына шамамен 9-11 рет өткізіледі.
Кезекті экоакция 4 қазанда өтеді
Кезекті шара 4 қазан күні сағат 12:00-ден 15:00-ге дейін Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетінің алдында өтеді. Тұрғындар сұрыпталған тұрмыстық қалдықтарын сол жерге әкеліп тапсыра алады.
Қор қоғамдық негізде жұмыс істейтіндіктен, қалдық тапсырғандарға ақы төленбейді.
– Металл, картон немесе макулатура қабылдайтын кейбір орындарда ақы төленуі мүмкін. Біздің мақсатымыз – қалдықтарды қайта өңдеуге бағыттап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, – деді Гүлдана Орақбаева.
Бұған дейін Қазақстанда 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40%-ға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын жаздық.