Вице-министрдің айтуынша, жобалар қоқыс таситын көліктерді жаңартуға, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу нысандарын салуға, қолданыстағы кәсіпорындардың қуатын арттыруға бағытталған.
— Іске асырылған 15 жоба аясында 131 қоқыс таситын көлік сатып алынды. Жылына 290 мың тонна қалдықты сұрыптайтын үш нысан, сондай-ақ ескі шиналар мен макулатураны қайта өңдейтін үш нысан іске қосылды. Соңғы үшеуінің жалпы қуаты жылына 19,3 мың тоннаны құрайды. 500-ден астам жұмыс орны ашылды, — деді Жомарт Әлиев.
Атап айтқанда, қоқыс таситын көліктерді сатып алу бойынша тоғыз жоба Алматы, Шымкент, Өскемен, Ақтау, Степногорск, Рудный, Атырау және Құлсары қалаларында жүзеге асырылды. Оның екеуі Степногорскіге тиесілі.
Қалдықтарды сұрыптау нысандары Павлодар мен Рудный қалаларында және Қызылорда облысында пайдалануға берілді. Ал Шымкент пен Рудныйда ескі шиналарды, Түркістан облысында макулатураны қайта өңдейтін нысандар іске қосылды.
Жомарт Әлиевтің айтуынша, жоспарланған 67 жобаның барлығы аяқталғанда жалпы саны 178 арнайы техника сатып алынып, қалдықтарды сұрыптау қуаты жылына 2,3 млн тоннаға, қайта өңдеу қуаты 1,1 млн тоннаға артады. Бұл көрсеткіштерге іске асырылған жобалар да кіреді.
Бұған дейін қалдықтарды қайта өңдеуді дамытуға 122 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгені хабарланған еді.