«Көкнәр» операциясын өткізу кезінде Шу алқабында ерекше тәртіп енгізу қажет - Ішкі істер министрі

АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ішкі істер министрінің пікірінше, мамыр мен қазан айларының аралығында «Көкнәр» операциясын өткізу кезінде Шу алқабында ерекше тәртіп енгізу қажет.

Бүгін Үкімет отырысында аталмыш ведомствоның басшысы Бауыржан Мұхамеджанов осындай ұсыныс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, басты проблема Ауғанстан героині болса, екіншісі - Шу алқабындағы марихуана мен гашиш есірткісі. Өткен жылдың ішінде еліміз бойынша полиция қызметкерлері тәркілеген 23 тонна есірткінің үштен бір бөлігі осы жерден алынды. Осыған орай Ішкі істер министрлігі жыл сайынғы «Көкнәр» операциясы аясында есірткі ағынының жолын кесу үшін бар күшті жұмылдырып отыр. Аталмыш шара кезінде еліміздің басқа өңірлерінен полиция, ішкі әскер құрылымдары да қосымша тартылады.