Көкнәр жинаймын деп қолға түсті

АСТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Шу алқабында 205 келі марихуана дайындаған қызылордалық қолға түсті. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифинг барысында Көліктегі орталық ішкі істер департаменті Есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы Нариман Әбілқасенов мәлім етті.

«2011 жылғы 22 шілдеде Көліктегі орталық ішкі істер департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы мен Луговой стансасы желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері «Шу-Аспара» стансысының аралығындағы 3716-шы шақырымнан Қызылорда облысының 1966 жылы дүниеге келген азаматын ұстады. Одан салмағы 205 келі 500 грамм болатын кептірілген «марихуана» есірткі заты табылып, тәркіленді», - деді ол.

Н.Әбілқасеновтің атап өтуінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қолға түскен азамат Луговой стансасы желілік ішкі істер бөлімінің уақытша оқшаулау орнына қамалған.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Көліктегі орталық ішкі істер департаментінің қызмет көрсету учаскесінде «Кендір-2011» кең ауқымды жедел алдын алу операциясы өткізілуде.