Көкөніс сақтау қоймаларын салатындарды ынталандыру тетіктері күшейтілмек
«Көкөніс пен жемісті сақтайтын қажет инфрақұрылымды құру жұмыстары жалғасып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, іске асырылып жатыр. Оның аясында екі жылда жалпы қуаттылығы 181,5 мың тонналық 36 жоба жоспарланған еді. Оның орнына 2021-2022 жылдары жалпы сақтау көлемі 200,8 мың тонна болатын 37 жоба іске асырылды, яғни жоспар 110 пайызға орындалды», - деді Е. Қарашөкеев.
Оның айтуынша, биыл пайдаланылып жатқан инфрақұрылым қосымша тексерілді. Мәселен, жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша қазіргі кезде еліміз бойынша 1 млн 822 мың тонна көкөніс пен жеміс сақтайтын жалпы 901 объект бар. Соның арасында 499,7 мың тонна сақтай алатын 257 картоп қоймасы, сыйымдылығы 1 млн 186 мың тонна 580 көкөніс қоймасы, сондай-ақ 136,9 мың тоннаны қамтитын 64 жеміс қоймасы жұмыс істеп тұр.
«Сонымен қатар, тексеру нәтижелері бойынша 689,8 мың тоннаны құрайтын жеміс-көкөніс өнімдері сақталатын жаңа нысандарды салу керек болып тұр. Осы тұрғыда 2023-2025 жылдарға арналған жоспар бойынша 528,8 мың тоннаға ұлғайтылды. Өнімді сақтау инфрақұрылымын құруға бизнесті ынталандыру мақсатында Инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгеріс енгізіліп жатыр. Бұл ретте пайдаланылатын технология түріне қарай шығындарды өтеу нормативін 25 пайыздан 40-50 пайызға дейін жеткізу ескерілген», - деді Е. Қарашөкеев.
Оның айтуынша, «Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін» тарату аясында қоймаларды салуға жеңілдетілген тәртіпте қаражат бөлу мәселесі пысықталып жатыр.