Көкөніс шаруашылығында тамшылатып суару әдісі тиімділігін танытып отыр

ашаның 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  -Көкөніс шаруашылығында тамшылатып суару әдісі тиімділігін танытып отыр. Алдағы уақытта республика өңірлерінде осы технологияны кеңінен пайдалану шаралары қарастырылмақ.

 Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыру міндеттері және бюджет қаражатын тиімді пайдалануды арттыру» тақырыбындағы парламенттік тыңдау барысында  Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев осылай айтты, деп хабарлайды  ҚазАқпарат.  

«Көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерін шығару мәселесінде тамшылатып суару технологиясы өзінің тиімділігін көрсетіп отыр.  Мәселен, ашық алаңда бұл әдісті қолдану өнімділікті екі есеге дейін арттырса, жылыжай шаруашылықтарындағы өнім он есеге дейін көбейеді. «ҚазАгро» холдингі осы әдістерді қолданып, өнім алуды бастаған еді. Оның нәтижесі де қомақты. Атап айтсақ, «Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Жаңа ақ дала» шаруашылығы ағымдағы жылы мың гектарға жуық жерге егілген өнімдерге тамшылатып суаруды пайдаланған. Нәтижесінде гектарына 100 тоннаға дейін өнім алды. Ал бұрын кәдімгі арық жағалатып суару барысында ол жердің өнімі шамамен 25-30 тоннаны ғана құрайтын еді. Осыған байланысты, «Жаңа ақ дала» шаруашылығын кеңейте түсу көзделеді. Бұл ретте 2014 жылға қарай аталған шаруашылықтың аумағын 2 мың гектарға жеткізу жоспарлануда», деді Ө. Шөкеев.

Вице-премьер алдағы уақытта республиканың басқа өңірлеріндегі жылыжайларға, көкөніс шаруашылықтарына осы әдісті кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті.