Үйде отырып істейтін жұмыс Нұргүл Алпысбай үйде отырып табыс табуға болатын жұмыс іздеген. Сөйтіп интернеттен микрожасыл өскіндер өсіру туралы көріп қалады. Сол кезде осы іске кірісуге бел байлаған.
— Әуелі жауабы жоқ көп сұрақ болды. Біраз уақыт ізденуге тура келді. Кажеті жоқ тұқымдарды молынан сатып алып қойдым. Білмегендіктен ғой, сапасы нашар тұкымның бірі шығып, бірі шықпай қалды. Мүлде кәдеге жарамаған түрлі қымбат тыңайтқыштарды да босқа алдым. Уақыт өте келе тәжірибем жинақталып, бәрі түсінікті бола бастады, — дейді ол.
Микрожасыл өскіндерді өсірудің маңызды үш шарты бар екен. Біріншісі, сапалы тұқым таңдау, екіншісі жарық, үшінші уақтылы суарып отыру.
— Ең үлкен сұраныс асбұршаққа, шалғамға және насыбайгүлге болады. Тұқымды Ресейден аламын. Өскеменге жеткенше 1 айдай уақыт кетеді. Басында аздан алып тексеріп көремін. Тұқымның сапасы қандай, неше пайызы өніп шығады, тұқымдар көкке шалдыққан емес пе, соның бәрін тексеріп отыру керек, — дейді Нұргүл Алпысбай.
Ең тез өсетін микрожасыл өскіндерге тыңайтқыш қажет емес. Өйткені олар 7-10 күнде дайын болып қояды. Ал 15-30 күнде өсіп шығатын өскіндер тыңайтқышты талап етеді.
— Ұзақ өсетін болғандықтан бұл өскіндер тыңайтқыш болмаса мүлде өспейді. Бір аптада шамамен 200-300 өнім сатылады. Басында клиент табу оңайға соқпады. Мейрамханаларды аралап, микрожасылдарды көрсетіп, аспаздармен келісе бастадым. Ары қарай өздері маған хабарласатын болды. Бүгінде 50-ден астам мейрамхана, дәмханалармен жұмыс істеймін, — дейді өскемендік әйел.
Пайдалы әрі өте дәмді
Бұл кәсібі отбасының қаржылық жағдайын жақсартуға үлес қосқан. Қазір айына шамамен 700 мың теңге табыс тауып отыр.
— Микрожасыл өскіндердің ағзаға пайдасы ұшан-теңіз. Дәрумендерге, антиоксиданттарға бай болғандықтан иммунитетті көтереді. Жай салат жапырақтары мен пісіп жетілген көкөністерге қарағанда дәрумендері мен минералдары 40 есе артық. Біз отбасымызбен өскіндерді күн сайын салат түрінде қолданамыз. Пайдалы ғана емес, әрі өте дәмді, — дейді Нұргүл Алпысбай.
Микрожасыл өскіндер — бұл тез бұзылатын «премиум-сегменттегі» өнім. Негізгі міндет — оны өсіру емес, тауарлық түрін жоғалтқанға дейін сатып үлгеру.
Кейіпкеріміз электр жарығына айына 30-35 мың теңге аралығында төлейтінін жеткізді. Ал өскіндер суды көп қажет етпейді екен. Бұл технология дәстүрлі егіншілікпен салыстырғанда суды 90-95%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
— Өскіндерді жылына 365 күн өсіреміз. Жабық жерде өсетін болғандықтан жыл мезгіліне қарамаймыз. Алдағы уақытта жеке цех ашсам ба деген ойым бар. Микрожасылдан басқа да салат түрлерін өсіріп көрсем бе деймін, — деп сөзін аяқтады ол.
Еске салсақ, елордада іскер әйелдер бас қосқаны жайлы жазғанбыз.