Көкпар, наурыз, сірне: Қазақ пен ауғанның ұқсас тұстары қандай
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстанда 130-дан аса ұлт пен ұлыс тұрады. Басым бөлігі Қазақстанға ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы жаппай депортация және эвакуация кезінде көшіп келген. Тәуелсіздік алғаннан кейін де әртүрлі ұлт өкілдері қазақ жеріне қоныстанды. Соның ішінде ауғандар да бар.
Қазір Қазақстанда бес мыңға жуық ауған азаматы тұрады. Kazinform тілшісіне Алматыдағы «Ариана» ауған орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Эльяс Махмуд отандастарының және өзінің Қазақстандағы өмірі жайлы айтып берді.
— Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын! Бұл мерекенің ерекшелігі неде?
— Көп рахмет! Бірлік күні — бейбітшілік пен достықтың шынайы символы. Ерекшелігі — әрбір ұлтқа салт-дәстүрін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетіледі. Қазақстан — бір үлкен отбасы болып, бірге өмір сүрудің үлгісі. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген қазақ. «Береке бастауы — бірлік, ел іші — тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерек. Осының бәрі қазақ елінің қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынасты реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болып отыр. Бір шаңырақ астында жиналған ұлт пен ұлыс өкілдерінің ынтымағы — ырысы, байлығы — берекесі болып, татулығы жарасқан елде өмір сүріп жатқаны жүректерге сенім, көңілдерге қуаныш ұялатады.
— Қазақстанды қалай сипаттап берер едіңіз?
— Әлемде болып жатқан оқиғаларға көз салсақ, мемлекеттер арасында дау-жанжал, қақтығыстар мен шиеленістер, соғыстар көп. Қазақстан — өз ішінде және әлем елдерімен ынтымақтастық қарым-қатынасты сақтап отырған мемлекет. Қазақстанда бейбіт мамыражай тіршілік салтанат құрған. Жұмыс істеуге, оқуға, бала тәрбиесіне жағдай жасалған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы съезінде біздің ел тыныштық пен келісімде өмір сүруге болатынын дәлелдегенін, өз тағдырын өзі шеше алатынына көптің көзін жеткізгенін, болашаққа нық қадам басқан біртұтас ұлт екенімізді атап өтті. Бұл біздің жарқын болашаққа деген сенімімізді одан әрі арттырды.
— Қазақстанға қашан келдіңіз?
— Осында тұрып жатқаныма отыз жылдан асты. Бұған дейін отбасымыз әртүрлі жерлерде өмір сүрді. Атап айтсам, Киевте, Мәскеуде тұрып, жақсы жер іздеп әлемді араладық. Ақыры осында тұрақтап қалдық, өйткені Қазақстанда еш жерде көрмеген тұрақтылықты, құрмет пен жылуды сезіндік. Қазақстан — біздің нағыз үйіміз: бейбітшілік, сыйластық және мүмкіндіктер елі. Бұл жерде балаларымыз өмірге келді. Қазақ жерінде өмір сүріп, өсіп-өркендеп, еліміздің игілігі үшін еңбек етіп келеміз.
— Қазақтар ауғандарды алғашында қалай қарсы алды?
— Шын мәнінде, біздің халықтарымыз ежелден байланысты. Ұлы Жібек жолы дәуірінен бері Ауғанстан мен Қазақстан арасында сауда-саттық, мәдени алмасу болды. Тіпті Ауғанстанда үлкен құрмет пен сүйіспеншілікке ие қазақ диаспорасы да бар. Қазақтар ауғандарды жылы шыраймен, қонақжайлықпен құшақ жая қарсы алды.
— Тарихи отаныңызды сағынатын боларсыз?
— Тарихи атамекен жүректе қалғанымен, бүгінде ол екінші орында. Сағынышпен еске аламыз әрине, бірақ қазір туған жеріміз — Қазақстаннан басқа ешбір жерде өмірімізді елестете алмаймыз.
— Ауғанстанға қаншалықты жиі барасыз?
— Өте сирек. Ол жақтағы қиын жағдай жиі баруға мүмкіндік бермейді. Дегенмен туған-туыстармен байланыста болуға және тамырымызды жоғалтпауға тырысамыз.
— Ауғанстаннан Қазақстанға көшіп келушілер көп пе?
— Қазір көші-қон ағыны 90-шы жылдардағыдай көп емес. Негізгі миграция сол кезде болды. Қазір адамдар оқуға, жұмысқа немесе бизнес үшін жиі келеді. Қазақстанда 5 000-ға жуық ауған азаматы, шамамен 1 000 отбасы тұрады.
— Ауған халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпында бізге ұқсас тұстары бар ма?
— Ауғандар мен қазақтар рухы, дәстүрі, тіпті асханасы жағынан өте ұқсас. Бізді отбасына деген құрмет, туған жерге деген сүйіспеншілік және қарапайым адамгершілік қасиеттер — достық, қонақжайлық, бейбітшілікті бағалай білу біріктіреді.
Сондай дәстүрдің бірі — көктем мерекесі Навруз. Ауғанстанда бұл мереке кең көлемде тойланады: туыстар жиналып, дәмді тағамдар әзірленеді, ән шырқалып, спорттық ойындар ұйымдастырылады. Жаңарудың, қуаныш пен жақсылыққа деген сенімнің мерекесі — бізді біріктіретін нәрсе.
Бізде де ғұрыптық ойындар бар, онсыз үлкен мереке өтпейді. Мысалы, Бузкаши — атқа мінген шабандоздар сойылған ешкі түлігіне таласады. Бұл — қазақтың көкпарына өте ұқсас. Бұл ойын арқылы күш, ептілік, командалық рухты көрсетуге болады. Қазақ үшін де, ауғандар үшін де жылқы — ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнердің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналған. Жылқы әрқашан жануардан да жоғары болған — ол нағыз дос әрі көмекші.
Ал асхана туралы айтатын болсақ, мұнда көп нәрсе ортақ. Ауғанстанда қой еті мен көкөністерден шорва дайындайды. Қазақстанда сүйікті тағам — сорпа бар. Екі сорпа да ұзақ уақыт дайындалады және құрметті қонақтарға ұсынылады.
Сондай-ақ, ауғандық каурма — пияз және дәмдеуіштермен баяу бұқтырылған ет. Бұл қазақтың сірнесін еске түсіреді.
Міне, салт-дәстүр мен тағамдар арқылы, шын мәнінде, өте жақын екендігіміз анық.
— Қазақ-ауған қарым-қатынасы белсенді дамып келеді — форумдар өткізіліп, сауда-саттық жүргізіліп жатыр. Өзара байланыстың дамуын қалай бағалайсыз?
— Қазақстандағы Ауғанстанның сауда атташесі (сауда өкілі) болып ұзақ уақыт жұмыс істедім. Яғни, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытуға үлес қосу бақытына ие болдым. Сол кездің өзінде біз бұл бағытта оң үрдісті байқадық. Енді, міне, осы күнге дейін қарым-қатынастың қалай нығая түскенін, сауда-саттықтың қалай өсіп жатқанын, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерінің қалай ашылып жатқанын көріп отырмыз. Бұл мені қуантады және шабыттандырады.
— Ауғандар Қазақстанда көбіне қай салада жұмыс істейді?
— Көбіне сауда, кәсіпкерлік, құрылыс, білім, медицина салаларында еңбек етіп жүр. Қазақстанның экономикасы мен қоғамының дамуына үлес қосуға тырысамыз.
— Қазақстанда тұрып жатқан ауғандар жайында айтып беріңізші.
— Қазақстандағы ауған қауымдастығы шағын, бірақ өте тату және белсенді. Қазақстан халқы Ассамблеясының бізге берері көп — соның арқасында осы елдің толыққанды азаматы болып, қоғамдық өмірге, мәдени шараларға қатысып, өз ұстанымымызды білдіруге мүмкіндік алдық. Әрқашан барлық жоба мен бастамаға белсенді қатысуға тырысамыз.
«Ариана» ауған орталығымыздың жұмысы аясында ауған мәдениетін насихаттауға бағытталған іс-шараларды жиі өткізіп тұрамыз. Онда дәстүр, тарих тақырыбында ой бөлісіп, ұлтаралық байланысты нығайтуға үлес қосып келеміз.
Қазақстандағы ауған этносын дамытуға, ұлтаралық және мәдени қарым-қатынасты жақсартуға бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Сонымен қатар, басқа этномәдени орталықтармен белсенді ынтымақтастықта болып, бірлескен жобаларға қатысып келеміз.