Көкпардан Әлем чемпионатының финалында Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары кездесетін болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы «Қазанат» атшабарында Көкпардан I Әлем чемпионатының кезекті күні болып өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Көрікті ойынның бүгінгі жарысында нағыз тартысты дода Тәжікстан - Моңғолия арасында өтті. Көршілес елдердің көкпаршылары айырмасы бір ғана салыммен ойынды аяқтады. Есеп 9:9 болып тұрғанымен, тәжіктердің соңғы минуттардағы салымы моңғол ойыншыларын қапы қалдырды. Есеп 10-9 - тәжіктердің қоржынында.

Өзбекстан құрамасы өз кезегінде Түркия көкпаршыларын 14-3 есебімен ойсарата ұтты. 20 минуттық алғашқы кезеңде-ақ кімнің мықты екені белгілі болып қалған. Есеп айырмасын түрік көкпаршылары 3 қана салыммен қысқартса да, толық ойын өзбек көкпаршыларының басымдығымен өтті.

Көкпар чемпионатына тұңғыш рет қатысып отырған АҚШ-тың ковбойлары осы жолы қырғыздарға қарсыласып бақты. Тіпті қарсыластардың шеңберіне 5 салым да салып жіберген. Алайда ат үстіндегі асау өнерге ежелден сақа қырғыздар 5 салымға қарсы 11 салым салып, айқын жеңіске жетті.

Сонымен бірге, ҚХР құрамасы Ауғанстанды 4:2 есебімен ұтса, көкпарға келмеген Әзербайжан Ресейден техникалық жеңіліске ұшырады. Ал көкпардың бұл жолғы сайыс күнінде Қазақстан бірінші күнінен бастаған мықтылығынан тайған жоқ. Венгрия көкпаршыларын 12-3 есебімен тізе бүктірді.
Еске сала кетсек, 20 тамызда Астанадағы «Қазанат» атшабарында Көкпардан тұңғыш әлем чемпионаты басталған болатын. Жалпы жүлде 18 миллион теңге. 27 тамызда сағат 16.00 үшінші орын үшін кездесу өтеді. Ақтық кездесу дәл сол күні 17.00 уақытында басталады.
 Үшінші орын үшін Қытай мен Тәжікстан таласса, ақтық сайыста Қазақстан көкпаршылары қырғыздармен кездеседі.