Көкпардан 18-ші мәрте өткізіліп жатқан чемпиоанттың жартылай финалын маңғыстаулықтар қарқынмен басталды. 20 минуттық бірінші кезеңнің алғашқы үш минутына жетер-жетпес уақытта «Адай атаның» теміртақым көкпаршылары арынды екпінмен 2 салым салып жіберді. Алғашқы кезеңнің соңына дейін маңғыстаулықтар қарқынынан тайған жоқ. Кезек-кезек салған салымдардың санын 10-ға жеткізгенде, сейхундықтар бар-жоғы екі салыммен жауап берген еді.
Бірінші кезеңнен кейін 10 минуттық үзілістен кейін көкпар қайта басталып кетті. 35 келілік серкеге жармаса таласқан көкпаршылар барын салды. Ойынның аяқталуына 5 минут қалған кезде «Адай ата» командасының бір ойыншысы ереже бұзғаны үшін 5 минут ойыннан шеттетілді. Алайда «Сейхун» осы артықшылығын (4 көкпаршыға қарсы 3 көкпаршы) пайдалана алған жоқ. Тіпті тартысты ойын аяқталғанына 50 секунд уақыт қалғанда «Адай ата» тағы бір салым салып үлгерді. Қорытындысы есеп: 15:4.
Жеңіс - Маңыстаудан келген «Адай ата» командасының еншісінде.
Көкпардан Қазақстан чемпионатының финалында Шымкент қаласы мен Жамбыл облысының көкпаршылары бақ сынасады. Ал сағат 17:00-де «Қазанат» атшабарында бәйге - «Астана кубогы» басталады.