Көкпекті жазығында қалмақ жасағы арулап көмілген төбе бар
АСТАНА. KAZINFORM – Жаугершілік замандарда хан мен сұлтанның, батыр мен бектің зиратын дұшпандарына қорлатпау үшін жасырып көму дәстүрі болғаны белгілі. Сондай-ақ, қазақ танымында, тіпті ерлікпен қаза тапқан жауын да арулап көму дәстүрі болғаны әр жерде айтылады. Ол сөздердің ойдан шығарылмағанына Абай облысы Көкпекті ауданының киелі орындарын зерттеп жүрген өлкетанушы Айнұр Омарованың «Арабай-Тошан тарихи жәдігері» атты мына материалы дәлел. Оқырман назарына ықшамдап ұсындық.
Абай облысы Көкпекті ауданы Биғаш ауылынан күнбатысқа қарай Кіндікті өзенінің жарлауыт жағасына таман төбе басында бір күмбезді бейіт пен тас зираттар ертеден тұратын. «Зиратқа қарай саусағыңды да шошайтпа» дейтін тыйымды, бала күннен құлаққа құйып өскендіктен, бейсауат қабірстанға ешкімде бармайтын.
Арабай-Тошан оқиғасы кешегі өткен заманда, жаугершілік уақытта болса керек. Қалмақтың батырлары бір ұрыста ауыр жараланып, осы төбеде жантәсілім еткен екен. Жаралы жауын да қорламаған мәрт бабаларымыз ата жауын арулап көміп, аю не басқа аң қазып кетпесін деп, тобылғыны түйіп, топырақ-таспен бекіткен. Замана өте сол орын «Арабай-Тошан» төбесі аталып кетіпті.
Енді Биғаш ауылының атауына қатысты аңыз әңгімеге тоқталсақ. Есте жоқ ерте заманда бір байдың бұлықсыған сұлу қызы айттырған жеріне көңілі толмай, әкесіне неше рет кісі салып, разылығы жоқтығын айтып, басына бостандық сұрапты. Қалың малын алып қойған қатал әке рұқсатын бермепті. Содан Кіндіктінің биік жарынан, өзеннің тереңіне қойып кетіп, жарық дүниемен қоштасқан екен. Қапалы бай мен ағаларының көз жасынан, төбенің жанабында бұлақ пайда болыпты. Елдің жайлаған жайлауы қыздың есімімен Биғайша атаныпты. Бертін Биғаш болып аталып кеткен екен. Жергілікті халық бұлақ суын қастерлеп, маңынан жанға бастырмай, қоршап тастаған.