Кокс-Базардағы рохинджа қауымдастығы Димашқа музыкалық аспапты сыйға тартты

АСТАНА. KAZINFORM — Бангладешке БҰҰ-ның Көші-қон жөніндегі ізгі ниет елшісі ретіндегі гуманитарлық миссиясы аясында барған Димаш Құдайберген рохинджа қауымдастығының музыканттарымен кездесті. Бұл туралы dimashnews.com агенттігі хабарлады.

Фото: Hossain Ahammod Masum/IOM Bangladesh 2026

Рохинджа мәдени мұра орталығында тағдыр тәлкегімен туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған адамдар ұлттық өнердің құндылықтарын ұқыптылықпен жинақтап, сақтап әрі өзара бөлісіп келеді. Олар артынан ерген жастарына өз халқының тарихын таныстырып, дәстүрлі музыкалық аспаптарда ойнап, уақытша қоныстанудың күрделі жағдайына қарамастан, музыкалық аспаптар жасаумен де айналысады.

Қазақстаннан келген қонақты музыканттар музыкалық сәлемдесумен қарсы алды. Скрипкашы Рошид Ахмед, барабаншы Имам Хоссейн, мультиаспапшы әрі музыка пәнінің оқытушылары Саббир Ахмед пен Мостафа Хатун, композиторлар, мандолинашылар мен әншілер Мохаммед Юсуф және Ахмед Хоссен, сондай-ақ музыка пәнінің оқытушысы, аспап жасаушы шебер, әнші әрі мультиаспапшы Хамид Улла Димашқа және Димаштың келуіне орай екі музыкалық туынды дайындаған.

Фото: Hossain Ahammod Masum/IOM Bangladesh 2026

Димаш дәстүрлі музыкалық аспаптарға зор қызығушылық таныта отырып жергілікті музыканттармен бірге шағын музыкалық сессияға қатысты. Ол рохинджа мәдени мұра орталығы сыйға тартқан мандолинада белгілі музыкалық шығармалардан үзінділер орындады.

Бүгінде жүздеген мың қоныс аударушы мекендейтін Кокс-Базар әлемдегі ең ірі босқындар лагерлерінің бірі саналады. Тұрмыстық жағдайдың күрделілігіне қарамастан, мәдениет орталығында музыканың үні, балалар күлкісі мен адамдарға өз негізі, түп-тамырымен байланысын сақтауға көмектесетін осындай іс-шаралар әлі де жалғасып келеді.

Еске сала кетейік, Димаш Құдайберген Ыстанбұлда VIII Этноспорт мәдениет фестиваліне қатысады.