***
Алматыда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қала активімен алқалы жиын өткізді. Онда шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен келешегі туралы келелі әңгіме қозғалды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі нөмірінде «Алматы - келешегі кемел қала» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді. Басылымның атап өтуінше, Елбасы алқалы жиында Алматының еліміздегі ең ірі қала екенін қайталай отырып, оның өсіп-өркендеуі күллі Қазақстанның дамуына үлкен ықпал ететінін жеткізді. Сондықтан кешегі басқосуда да қаланың әлеуметтік-экономикалық даму болашағы мен оны туристік ірі орталыққа айналдырудың келешегіне ерекше қызығушылық білдірілгені айтылған.
«Кеше Үкімет үйінде Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басшысы Ләззат Ибрагимова және Азия даму банкінің вице-президенті Шаою Жаоның қатысуымен шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау мақсатында елімізге қаржы бөлу туралы шекті келісімге қол қойылды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, қол қою рәсіміне Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысты. Келісім бойынша Қазақстанның шағын және орта бизнес секторын дамытуға 500 млн. АҚШ доллары сомасында қарыз берілмек. Мақала «Несие ұлттық валютамен алынбақ» деген тақырыппен жарияланды.
***
Оңтүстіктегі алып жоба - Көксарай су реттегішінің құрылысына ең алдымен Сыр елі қарсы болғаны белгілі. Үкіметтің қаулысы қабылданатын тұста осы өңірдің депутаттары қоғамдық пікір қалыптастырып, біршама қарсылық білдіріп баққан. Кейіннен Елбасының қатысуымен Көксарайға арналған мәселелер кеңінен талқыланып барып, жоба әрең бекітілген еді. «Сол алып жобаның алғашқы сатысы іске қосылғаны кеше ғана секілді еді. Бүгінгі күні қызылордалық сенатор Бақберген Досманбетов Көксарайға қатысты күрішшілердің дабыл қаққанын айтып, әуел бастан алаңдаушылықтың бекер болмағанын алға тартты», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Аталған мәселеге байланысты басқа да азаматтардың пікірін білгіңіз келсе «Көксарай - құр байбалам ба, әлде су үнемдеудің нақты құралы ма?» деген тақырыпқа назар аударыңыз.
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында жазушы-драматург, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаевпен арадағы сұхбат «Мен үшін әрбір қазақ көрермені қымбат» деген тақырыппен берілді. Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Жалпы қазақ киносының, қазақ режиссерлерінің табысын немесе олардың деңгейін қайта-қайта саралап, қайта-қайта бағалап немесе түгендеп отыратын жағдай жоқ. Бүгінгі таңда қазақ киносының әлемдік кино үрдісіндегі өзіндік орны бар, жөні бар. Мұның бәрі өзінен-өзі келген жоқ. Соның бәрін жасаған - сол қазақтың режиссерлері», - дейді.
***
Таяуда бір ақиқаттың беті ашылды, ол - Қазақстанның шетелдерге 119 миллиард доллардан астам қарызының барлығы. Бұл - дәл бүгінгі жылдық ішкі жалпы өнімімізден де көп дүние. Міне, дәл осы мәселе арқау болған мақала «Айқын» газетінің бүгінгі санында «119 миллиард қарыз. Бұл кімдікі?» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның атап өтуінше, ұлттық қорларымызда 74 миллиард доллардың сыртында алтын-валюталық қазынамыз жатыр. Яғни Қазақстан сыртқы берешектерімен кез келген уақытта есептесе алады. Үрейленетін ештеңе жоқ. «Десек те, үшінші ақиқат та белгілі болды, ол - осы 119 миллиард доллардан астам қарыздарымыздың ішінде мемлекеттің қарызы бар болғаны 4,5 миллиард доллар екен. Қалғандары - жекенің қарызы», - деп жазады газет.
Келесі аптаның бел ортасында сары құрлықтың көптеген мемлекеттерінің апайтөс балуандары тегістей Ташкент шаһарын бетке алады. Нақтылап айтсақ, 19-22 мамыр аралығында Өзбекстанның астанасында күрестің үш түрі бойынша Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Бұл жарысқа тек қатысушы елдердің ғана емес, күллі әлем жанкүйерлерінің назары ауатыны айдан анық. Өйткені бүгінгі таңда Азияның балуандарымен төрткүл дүние санасады. Қандай да дүбірлі жарыс болсын сары құрлықтың сайыпқырандары үнемі үздіктер санатында. Бұл пікірдің дәлелді әрі дәйекті екендігіне сеніміңізді мығымдай түскіңіз келсе, «Айқын» газетіндегі «Ташкенттегі тартыс» деген мақалада келтірілген деректерге көз жүгіртіңіз.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған кезекті отырысы өтті. Онда Ақмола, Атырау облыстары әкімдерінің және Әділет министрінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану әрі насихаттау жөніндегі жұмыстары туралы есептері тыңдалды. Жиын барысында Қ.Саудабаев: «Мемлекеттік рәміздер - Егемен Қазақстанның бөлінбес және маңызды атрибуттары. Оларға деген мемлекеттік органдардың, еліміздің азаматтарының көзқарасы біздің патриоттығымыз бен Отанға деген құрметіміздің көрсеткіші болып табылады», -деп атап өткен.