«Көксарай» су проблемасы бойынша Қырғызстан мен Өзбекстанға тәуелділіктен арылтты - В. Божко

АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - Көксарай су реттегіші соңғы үш жыл бойы орын алуы мүмкін тасқыннан құтқарып қана қоймай, елімізді Қырғызстан мен Өзбекстанға су проблемалары бойынша тәуелділіктен арылтты.

Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко осылай мәлім етті.

Ведомство басшысының айтуынша, Елбасының тапсырмасына сәйкес, жүзеге асқан алып жобалардың бірі - Көксарай су реттегіші барынша теңдессіз қысқа мерзімде (8 жылдың орнына 3,5 жыл) пайдалануға берілді.

«Көксарай су реттегіші жобасы экономиканың өсу нүктесіне айналып, оның құрылысына 2,5 мың адам жұмылды. Нәтижесінде еліміздің оңтүстігінде тұратын 2,5 млн. адамды су тасқындарынан қорғауға, Арал теңізінің проблемаларын шешу үшін тиісті жағдайларды қамтуға септігін тигізді. Соңғы жылдары су реттегішінде 6 млрд. текшеметр тасқынды су жинақталды. Соның арқасында Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарындағы су тасқындарының беті қайтты. Сондай-ақ, жыл сайын Сырдарияның төменгі ағысына құйылатын реттелмейтін ауқымды сулар проблемаларын шешуде Қырғызстан мен Өзбекстаннан тәуелділіктен арылтты», - дейді В. Божко.

Оның айтуынша,  бүгінгі таңда Көксарайда 3 млрд. текшеметр су жинақталып, оның 1 млрд. текшеметрі жіберілді.