«Көксарай» су реттегіші тұрған кезде шіркейден құтыла алмаймыз – ғалым

Фото: Фото: Түркістан облысы әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM –  Түркістан облысында биыл шіркеймен күрес ерте басталады. Өткен жылы сәуір айында қолға алынған дезинсекция жұмыстары биыл наурыздан бастап жүргізіледі. Бұл туралы Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков мәлімдеді.

Шіркейлер өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сырдария өзенінің бойы мен Көксарай су реттегіш қоймасы маңындағы елді мекендерде соңғы жылдары шіркей көбейіп кеткен. Салдарынан тұрғындар беттерін тұмшалап жүруге мәжбүр. Тіпті, өткен жылдары шіркейден қоян көжектері мен төлдеген сиырдың бұзауы және жылқылардың құлындары өліп кеткен жағдайлар да кездескен.

Осыған орай, Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Отырар, Шардара, Мақтаарал, Келес аудандары әкімдіктерінің сұранысы бойынша биылғы дезинсекция жүргізу аймақтары белгіленді.

«Жалпы биылғы дезинсекция шараларына 655,9 млн. теңге қаржы қаралып отыр. Қазіргі таңға мердігер «Защита растений-К» ЖШС-гі тарапынан ғылыми топ құрылып, шіркейлердің көбею ошақтарын анықтау жұмыстарын бастады. Топ құрамына Алматы қаласының зоология институтының аға ғылыми маманы Қаршыға Көшкимбаев және басқада білікті мамандар тартылған. Шіркейлердің санын азайту кезінде биологиялық және химиялық препараттарымен өңдеу жұмыстары жүргізілетін болады», - деді Руслан Мұздыбеков.

Ал, «Защита растений-К» ЖШС өкілі, ғалым Қаршыға Көшкимбаев шіркеймен күрес 20-30 жылға созылуы мүмкін екенін жеткізді. 

«Шіркейді 100 пайыз жойып жіберу мүмкін емес. Бір аналығы неше жүздеген жұмыртқа салады. Сондай-ақ бір жазда 4-5 рет жұмыртқалауы мүмкін. Биыл дәрілеу жұмысын жүргізбесек, келесі жылы дәл бұрыңғы қалпына келеді. Шіркеймен күрес 20-40 жыл созыла беруде де мүмкін. Ол құрымайтын нәрсе. Көксарай су реттегіші тұрған кезде шіркейден құтылмайсыздар», - деді ол.