Көксарай су тоспасының құрылысына халық кеңінен тартылатын болады

None
АСТАНА. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 2008 жылдың қорытындысына арналған алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Көксарай су тоспасы және басқа да нысандардың құрылысына халықты кеңінен тартуды тапсырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бүгінгі дағдарыс жағдайындағы жұмыспен қамту міндетінің биылғы жылдың басты мақсаты екендігі туралы айта келе, Үкімет басшысы: «ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Көксарай сияқты ірі құрылыс нысандарының операторы болғандықтан, мен осы ведомствоға аталған нысандардың құрылысына халықты кеңінен тартуды тапсырамын. Бұның бәрі еліміздің дағдарысқа қарсы бағдарламасында қарастырылған», - деді ол.ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың айтуынша, бүгінде Көксарайдың құрылысы аймақтағы құрғақшылыққа қарсы аса маңызды нысандардың бірі ретінде қарастырылуда. «Қазіргі жоба бойынша, аталған су тоспасында бір қыстың ішінде жиналған 3 шақырым текшеметр судың арқасында аймақтағы құрғақшылыққа төтеп беріп қана қоймай, Қызылорда облысында азық-түліктің тұрақты өнімін алып, Арал аумағының экологиясын жақсартуға болады. Сондай-ақ аталған жобаның негізінде Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасы көтеріліп, 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады», - дейді В.Божко.