«Көксарайдың астында тарихи қорымдар қалып барады»- республикалық қазақ басылымдарына шолу

Фото: None
АСТАНА. Тамыздың 18-і. ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі қазақ баспасөзінде тамыздың 18-і,  сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.


«Астықты алқаптан естілген ән».
Осындай тақырыппен «Егемен Қазақстан» газеті Жамбыл облысының диқандары соңғы жиырма жыл ішінде болмаған аса жоғары көрсеткішке қол жеткізгенін жазады.

 «Облыс бойынша егіс алқаптарының әр гектарының түсімі  орта есеппен 24,5 центнерді  құрады.  Бүгінгі күнге дейін орылған алқаптардың жалпы түсімі 521 мың тоннаны құрап отыр.  Бұл деректі өткен жылмен салыстырсақ та көңіл марқайып сала береді.  Былтыр облыс бойынша алынған астықтың  жалпы түсімі  бар болғаны 106 мың 101 тонна болған», - дейді  газет тілшісі.

 «... Семей өңірінің экономикалық-әлеуметтік даму жағдайы жақсарды.  Бағдарламаны орындау барысында өткен  үш жылда  тауар өндірісінің көлемі бір жарым есе өсіп, қосымша төрт мыңнан астам  жұмыс орындары ашылды. Озат технологиялар мен инновациялар енгізу есебінен  өндіріс орындары қайта жаңартылды», - дейді Семей қаласының әкімі Мейрамхат Айнабеков. Семейдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен «Сертке сай серпіліс» тақырыбымен берілген әкімнің мақаласынан оқуға болады.

 «Сардар. Ділмар. Елдар».  Сауытбек Абдрахмановтың   «Егемен Қазақстан» газетінің осы күнгі нөмірінде шыққан Әбіш Кекілбаевтың мәдениеттанушылық қырына арналған мақаласы осылай аталған. Оқырман қауым көлемді мақалада  жазушының кемел қасиеттерінің бірі - мәдениеттанушылығының мәні мен маңызына терең үңіле алады.


«Қалауын тапсаң, кадр табылады»
деген тақырыппен бірінші беттен орын алған мақаланы «Айқын» газеті Үкіметтің кешегі өткен селекторлық кеңесіне арнап, «Жол картасының» игілігін ел келесі жылы да көретінін, өйткені бағдарлама биылмен шектелмей, 2010 жылы да жалғастырылатынын жазады.

Газет Үкімет басшысының: «Өткен аптада біз Мемлекет басшысына 3 жылға арналған алдағы бюджеттің негізгі параметрлерін баяндадық. Сонда Мемлекет басшысы Үкіметке: «Ағымдағы кезеңнің экономикалық қиыншылықтарына қарамастан, бюджет аясында қажетті ресурстарды табыңдар және 2010 жылдың бюджетінде «Жол картасын» жүзеге асыруды жалғастырыңдар!» деп нақты тапсырма берді. Біз бұл тапсырманы орындауымыз қажет», - деген сөзін келтіреді.

 «Көксарайдың астында тарихи қорымдар қалып барады». Осылай дабыл қаққан келесі мақала «Көксарай» су реттегіші құрылысының астында  тарихи жәдігерлеріміздің қалып бара жатқандығын алға тартады.

«Бұл жолы (хабар) Қызылорда жақтан емес, ғалымдардан. Әлкей Марғұлан атындағы археология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Бауыржан Байтанаевтың  пайымдауынша, 5 ежелгі некрополь,  патшалар қорғаны деңгейіндегі 4 қорған «Көксарай» су реттегішінің түбінде қалғалы тұр.  Олардың бірінің сыртқы көрінісі «Алтын адам» табылған Есік қорғанына ұқсас, демек, оның тарихын Есік қорғандарымен байланыстырып қарауға әбден болады», - дейді газет тілшісі. Бұдан әрі басылым ғалымның дәйектерін назарға тартады.

 «Ауыл шаруашылығы  кооперациясы туралы заң жоқ, кооперативтерді қалай құрамыз?» «Айқынның « Ақ сөйле!» айдарында экономика ғылымдарының докторы Тоқтар Есіркеповпен болған сұхбат осылай аталған.

«Кооператив өндірістік және тұтыну болып екіге бөлінеді дедік қой. Заң жобасында осының екеуі де көрсетілген. ...1995 жылы «Өндірістік кооперативтер туралы» заң қабылданған болатын. Жарайды, өндірістік кооператив құратын заң бар, ал енді тұтыну кооперативі ше? Заң болмаса, қалай құрасың?», - дейді газет тілшісімен ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мәселесіне қатысты өз ойларын ортаға салған ғалым.

 Ал енді «Астана ақшамы» газетінен оқырман қауым «Заңды білу үшін заңгері болудың қажеті жоқ» тақырыбымен Конституциялық кеңестің мүшесі Анар Жайылғанованың, «Орашолақ тілші ұрпақтың обалына қалады» деген тақырыппен  ҚазҰҒА академигі  Мырзатай Серғалиевтің тұщымды сұхбаттарын оқи алады.