Көкше өңірінде Тәуелсіздік күні мерекесіне 2500 шара өтеді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат  -  Ақмола облысында Тәуелсіздік мерекесіне орай 2500 шара өткізіп, 450 мың адамды қамту межеленіп отыр.

Бұл туралы аймақ басшысы Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аппарат кеңесінде күн тәртібіндегі мәселелер бойынша алдымен 2017 жылдың 25-30 қараша күндері аймақ басшысы Мәлік Мырзалин бастаған ақмолалық делегацияның Қытай еліне жасаған жұмыс сапарының қорытындысы сөз болды. Сапар кезінде  Хэбэй провинциясының губернаторы Сюй Циньмен өткен кездесуде екіжақты бірлесіп, жұмыс тобын құрып, мәдени-танымдық бағдарлама шеңберінде делегация алмасу туралы келісім жасалды.

Сонымен қатар, Бейжің қаласында «CITIC» Wang Jiong» ҚХР корпорациясы, «Shenwu» компаниясы және ауыл шаруашылығы техникаларын шығарумен айналысатын  «Longyuan Shiying Machinery Production Co. Ltd», «YTO Group», «Huanghai Jinma Tractor», «Longtai Shandong» сияқты инвестициялық және өнеркәсіптік құрылымдардың өкілдерімен өткен кездесудің қорытындысы шығарылды.

Осы ретте, Қытайдың ұлттық корпорациясы азаматтық құрылыс, су тазалайтын қондырғылар мен облыс орталығындағы қолжетімді тұрғын үй құрылысына қызығушылықтарын білдіргенін атап өткен жөн. Облыс әкімі Қытай Халық Республикасына жасалған сапар кезінде келісімге келген компаниялармен байланысты нығайту жөнінде тапсырма берді.

Ал, күн тәртібіндегі екінші мәселе ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай өткізілген шаралардың қорытындылары мен Тәуелсіздік күні мерекесіне дайындық туралы облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова айтып берді. Басты ұлттық мерекеге орай 2500 шара өткізіп, 450 мың адамды қамту межеленіп отыр. Мерекелік шаралар «Ел жүрегі - Астана» айдарымен Астананың 20 жылдығын тойлау тұжырымдамасы шеңберінде үстіміздегі жылдың 10 желтоқсанынан 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін үзбей жүргізілмек. Шаралар қорытындысында салтанатты жиын өткізіліп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан адамдар мемлекеттік наградалармен марапатталатын болады.

Желтоқсанның 6-сы күні Мемлекет басшысының қатысуымен индустриалды телекөпір барысында Степногор қаласының Ақсу кентіндегі «Kazakaltyn Technology» акционерлік қоғамының алтын өндіретін фабрикасын ашу жоспарланып отыр.