КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Республика бойынша елді мекендерді қардан тазарту мақсатында қолға алынған #BizBirgemiz челленджін Көкшетау қаласы әкімдігінің ұжымы қолдады. Бұл туралы Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғали әлеуметтік желідегі парақшасында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бейнежазбада айтылғандай, Көкшетау қаласы әкімдігінің қызметкерлері қаланың орталық саябағында орналасқан Street workout және балалардың ойын алаңдарындағы қарды күреді.
Сондай-ақ, әкімдік қызметкерлерінің #BizBirgemiz эстафетасын Ақмола облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұжымына тапсырғаны айтылады.
«Қала тұрғындарын #BizBirgemiz акциясына белсенді қатысуға шақырамыз. Айта кетерлігі, соңғы күндері қаланың коммуналдық кәсіпорындары облыс орталығынан барлығы 75 мың текше метр қарды күреп, қала сыртына шығарды», - деді аймақ басшысының орынбасары Марат Иғалиев өз сөзінде.
Аслан Оспанов
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқыған. Мақалалары республикалық, облыстық және қалалық газеттерде жиі жарияланып келді. «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалында, «Арқа ажары» газетінде қызмет атқарды. 2014 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.