Жұмыстар аяқталған соң, аталған әуежай барлық халықаралық талаптарға жауап беретін және ИКАО-ның 1-ші санатына сай келетін еліміздегі 11-ші әуежай болмақ. Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.
Ағымдағы жылдың соңына дейін перронды, әуе кемелерінің тұрағын, бұрылу жолдарын, ЖЖМ қоймасының құрылысын, аэровокзал кешенін және өзге де көмекші нысандарды қайта салу жұмыстарын аяқтау жоспарланған.
Жоба бойынша барлық нысандарды тапсыру ағымдағы жылдың соңына белгіленген.
ҚР ККМ Азаматтық авиация комитетінің ақпаратына сәйкес қараша айында құрамына барлық мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері енген қабылдау комиссиясы ұйымдастырылады.
Нысан «ҚР Құрылыс нормалары және ережелеріне (ҚНжЕ)» сәйкес келген жағдайда ғана ресми түрде қабылданатын болады. Бас мердігермен келісілген шартқа сәйкес, атқарылған жұмыстардың кепілді мерзімі нысан тапсырылған күннен бастап 60 айды құрайды. Егер осы мерзім ішінде қандай да бір ауытқулар анықталса, олар мердігердің есебінен қайта жөнделеді.
Анықтама: ИКАО-ның 1-ші санатына жататын әуежайлар Эйрбас-319, 320, 321, Боинг-757, Ембраер-190 секілді соңғы үлгідегі әуе кемелерін тігінен 60 метр, көлденеңінен 800 метр көріну жағдайында қабылдай алады.