Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса қызметінен кетті
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса қызметінен кеткені туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Құрметті, көкшетаулықтар! Мен Көкшетау қаласының әкімі қызметінен кеттім. Біз қалалық инфрақұрылымды жақсартуға және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар бастаманы іске асыра алдық деп ойлаймын. 2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 144 КТҮ тапсырылды, 170 км астам жол жөнделді, 39 балалар мен 47 спорт алаңдары салынды. Биыл Халық қатысатын бюджет жобасын іске асыру аясында 19 алаңның құрылысы жүргізілуде. Қиын да қызықты жолда менімен бірге болғандардың барлығына алғыс айтқым келеді», - делінген жазбада.
Айта кетсек, Бауыржан Ғайса 1972 жылы туған. Челябинск мемлекеттік агроинженерлік университетін, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін, Польшаның Кутна қаласындағы мемлекеттік жоғары экономика мектебін бітірген. Еңбек жолын жұмысшы ретінде бастады.
Әр жылдары «Нұр Отан» ХДП Көкшетау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, кейін Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары болды.
Сонымен бірге, Қорғалжын ауданының әкімі, Ақмола облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары және Зеренді ауданының әкімі қызметін атқарды.
2021 жылдан бастап Көкшетау қаласының әкімі болды.
Еске салайық, бұдан бұрын Ақмола облысында аудан әкімі мен басқарма басшысы қатаң сөгіс алғанын жазған едік.