Көкшетау қаласының жылыту маусымына дайындығы қалай

Фото: Фото: Kazinform

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда қыркүйектің 25-не қарай ғимараттарға жылу беріле бастайды. Қазіргі кезде облыс орталығында жылыту маусымына дайындық жұмыстарының 80 пайыздан астамы орындалған. 

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жылыту маусымында «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының РК-1 және РК-2 қазандықтары облыс орталығындағы 5182 нысанды жылытады, оның 1401 әлеуметтік нысандар, ал қалғандары тұрғын үйлер, өнеркәсіп нысандары және өзге де ұйымдар.

«Көкшетауда жылу беру маусымы қала әкімінің өкімі бойынша халықаралық құрылыс нормаларына сәйкес сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы +10 градус болған кезде басталады, ол шамамен бес күнге созылуы тиіс. Яғни, осы нормаларға сәйкес, Көкшетауда шамамен жылу 25 қыркүйекке дейін іске қосылады және бірінші кезекте мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандарына жылу беріледі. Кейін - көп қабатты үйлер, әлеуметтік нысандар, ал ең соңында – жеке сектор қосылады», – деді әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Айтуынша, 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде ҚР Үкіметінің резервінен жалпы сомасы 1 375 млн теңгеге қаражат бөлінді, оның 816 млн теңгесі жылу көздерін жөндеуге арналған, яғни РК-1 екі бу қазандығын жөндеу және РК-2 №8,9,10 шаң-көмір қазандықтарын жөндеу жұмыстары үшін. Ал 559,029 млн теңге ұзындығы 6 км болатын жылу желілерін жөндеуге бағытталған, қазіргі кезде бұл қаржыға Боровская, Бірлік, Юбилейный шағын аудандарында және Хасенов қалашығында жылу трассасын монтаждау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Бүгінгі күні Көкшетау қаласының 1134 нысаны немесе 80,9 пайызы 2024-2025 жылғы жылыту маусымына дайын. Жалпы қала аумағындағы 1401 нысанды дайындау жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде және белгіленген мерзімде толық көлемде орындалатын болады», - деп толықтырды әкімдіктен.

Айта кетсек, бұдан бұрын Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ақмола облысының жылу беру маусымына дайындық барысын тексергенін жазған едік.