Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары ауысты

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары ауысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қала әкімінің өкімімен Иван Иванович Юрченко Көкшетау қаласы әкімінің экономикалық мəселелер бойынша орынбасары болып тағайындалды»,  деп көрсетілген хабарламада.

Иван Иванович 1980 жылы 1 ақпанда Қостанай облысы Черниговка кентінде туды. 1998 жылдан 2001 жылға дейін ҚР Қарулы күштерінде қызмет атқарды. 2007 жылы «инженер-эксперт» мамандығы бойынша Қазақстан инженерлік-экономикалық университетін тәмамдаған.

Еңбек қызметін «Автохозяйство» МКҚК-ның екінші санатты шебер-жүргізушісі ретінде бастаған, одан кейін Алматы қаласының атқарушы билік құрылымдарында бас маман ретінде қызмет атқарды.

Коммуналдық шаруашылық саласында 7 жыл жұмыс өтілі бар. «Қостанай жылуэнергетикалық компаниясы» МКК-да абоненттік қызмет басшысы, «Қостанай қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысының міндетін атқарушы лауазымдарында болған.

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалар алдында Мәскеу қаласында Еуразиялық экономикалық комиссиясы монополияға қарсы реттеу департаментінің кеңесшісі қызметін атқарған.