Көкшетау қаласы алдағы жылу беру маусымына толық әзір

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласы алдағы жылу беру маусымына толық әзір. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-нің тілшісіне «Көкшетау Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының өндірістік-техникалық қызмет бөлімі басшысының орынбасары Ержігіт Түнқатаров айтты.

Оның сөзіне қарағанда, қаладағы білім саласының барлық нысандары жылу маусымына 100 пайыз дайын. Мұнда уақытында тендер өткізіліп, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жылу құбырлары сынақтан өткізіліп, жуылыпты. Қаладағы барлық мектептер мен балабақшалардың жылу жүйесіне есептегіш аспап орнатылған. Мәселен, биыл №3 және №14 орта мектептердің жылу жүйелері күрделі жөндеуден өткізілікті.

«Алдыңғы жылы көше бойындағы жылу құбырларын ауыстырған кезде гидравликалық тәртіп бұзылып, облыстық аурухана жылумен дұрыс қамтамасыз етілмеді. Бұл бағытта біршама жұмыс атқарылды. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау және мәдениет саласының нысандары жылу беру маусымына 100 пайыз және қаладағы 833 тұрғын үйдің 86 пайызы дайын»,- деп атап өтті Ержігіт Түнқатаров.

Сонымен қатар, облыс орталығындағы барлық су сорғыш станциялары да жылу беру маусымына дейін жөнделіп бітпек.

«Бекітілген жоспарға сәйкес, жылу көздері мен жылу құбырлары жүйесін жылу беру маусымына дайындау жұмысын аяқтап келеміз. Жылу көздері бойынша 6 бу қазандығы дайын. Екі бу қазандығы агрегатының жөндеу жұмысы аяқталуға жақын. Бүгінгі күні қорда 12 мың тонна көмір мен 150 тонна мазут бар. Бұл отын 20 күнге жетеді. Көмір тасымалдауға келісім-шарт жасалған. Күз және көктем айларында көмір аз жағылады.

Жылу беру маусымында күннің суықтығына және жұмыс істеп тұрған бу қазандығы агрегаттарының қуатына байланысты отын қорын қайтадан санаймыз. Сөйтіп, өткен жылғы жылу беру маусымында мазутты үнемдедік. Бірінші қазаннан бастап 708 тонна мазут тасымалданады.

Бүгінгі таңда №1 аудандық бу қазандығындағы бес қазандық пен су сорғыш агрегаттары ағымдағы жөндеуден өтті. Мұндағы жалпы станциялық қондырғыға да ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілген. №2 аудандық бу қазандығындағы екі қазандық агрегаты мен жалпы станциялық қондырғысының жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ал СЭС, Краснояр селосы мен Станционный кентіндегі бу қазандықтары толық жөнделді. Жалпы, қала қысқы жылу беру маусымына толықтай әзір деуге болады», деп сөзін қорытты Е.Түнқатаров.