Кеңес барысында гендерлік саясатты ілгерілету жөнінде алға қойылған міндеттер сараланды. Отырыста Айна Ермекқызы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған маңызды міндеттерді саралап айта келіп, алда атқарылуға тиісті маңызды істерге тоқталды.
«Қазіргі таңда әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер азаматтармен қатар еңбектеніп, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда», - деді ол өз сөзінде.
Жиында мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының гендерлік аспектілері, өңір халқының репродуктивті денсаулығын сақтау бағытында қолданылып жатқан шаралар мен кәсіпкер-әйелдерді қолдау, нәзікжандыларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелері қаралды.
Отырыста Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досхан Әміренов және облыстық ішкі істер департаментінің аға инспекторы Асылгүл Сыздықованың гендерлік саясат бойынша атқарылып жатқан нақты істері туралы баяндамалары тыңдалды.
Әлеуметтік саладағы маңызды жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында құрылған өңіріміздегі 290 үкіметтік емес ұйымдардың 70 пайызын әйелдер басқарады екен. Көкшетау қаласындағы жергілікті тұрғындардың 53 пайызын қыз-келіншектер құрайды. Қазіргі таңда облыс орталығындағы шағын және орта бизнес саласының 30 пайызы нәзік жандылардың үлесінде.
Алайда, отбасында зорлық-зомбылық көріп, тағдырдың тауқыметін тартып жүргендер де аз емес. Мәселен, үстіміздегі жылдың өзінде Көкшетау қаласында әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетудің 220 фактісі тіркеліп отыр. Оның ішінде жан түршіктірер деректер де кездеседі. Сол себепті облыста әйелдерді қиындықтан арашалап алу үшін «Дағдарыс» орталықтары ашылады деп жоспарлануда.