Көкшетау қаласының әкімі ЖЭО құрылысы туралы айтты

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Қазіргі таңда Көкшетау қаласында ЖЭО құрылысы жобасын жүзеге асыру республикалық деңгейде қолға алынуда. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте облыс орталығының әкімі Бауыржан Ғайса мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысының айтуынша, жылумен жабдықтау сапасын жақсарту үшін биылғы жылы Көкшетауда Әшімов-Ғабдуллин көшелерінен Сәтбаев көшесіне дейін, Әуезов-Ғабдуллин көшелерінен Тәшенов көшесіне дейін диаметрін ұлғайта отырып, жылу магистралін қайта жаңарту жобалары жоспарланған. Осы жобаларды іске асыру аясында құбырларды жер асты тарту қарастырылған, бұл қаланың сәулет келбетін едәуір жақсартады.

«ЖЭО құрылысы өзекті болып отыр. ҚР Премьер-Министрінің 2021 жылғы 29 қазандағы тапсырмасына сәйкес Көкшетау қаласында ЖЭО салу жобасын одан әрі іске асыру республикалық деңгейде жүргізілуде. ҚР Энергетика министрлігі мүдделі органдармен бірлесіп ведомствоаралық комиссия құрды, жобаны іске асыру бойынша Жол картасы әзірленді. Қазіргі уақытта ҚР Энергетика министрлігі «Электр энергетикасы туралы» ҚР Заңының 15-6 - бабына сәйкес тендер өткізу мәселесін пысықтауда, бұл аталған жобаны іске асыру мерзімін айтарлықтай төмендетуі мүмкін», - деп атап өтті қала әкімі.

Бұдан басқа, қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Көкшетауда «өнімділігі тәулігіне 30000 текше метр су тазарту құрылыстарын қайта жаңарту және кеңейту» жобасы жүзеге асырылуда. Трансформаторлық қосалқы станция, жылыту құбырлары, қабырға панельдері сатып алынды, трансформаторлық қосалқы станцияның іргетасын орнату бойынша жұмыстар орындалды. Сондай-ақ ғимараттың іргетасын орнату және қабырға панельдерін монтаждау бойынша жұмыстар аяқталды.