Көкшетау қаласының шеткі аудандарындағы көшелер жөнделуде

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетау қаласының орталық тұсы ғана емес, шет аймақтарында да жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы қала әкімі Амангелді Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Краснояр кентінде 10 айда 24 көше жөнделді. «Көкше» мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілді. Көп ұзамай ол тапсырылады.

«20-дан астам көшені қамти отырып, жылу құбырын толығымен ауыстырдық. Жалпы ұзындығы тоғыз шақырымға жуық. Жылуға бұрын-соңды қосылмаған үш төрт қабатты үй, 15 жеке сектор үйі және 12 үш қабатты үй қосылды», - деп атап өтті Амангелді Смайылов.

Нұрлы көш ауылында үш көшеге асфальт төселді.

«Нұрлы көш пен Краснояр арасында 2021 жылдың көктемінде балабақшаның құрылысын бастау жоспарланған», - деді қала әкімі.

Краснояр сол жағындағы жаңа шағын ауданда ешқашан асфальт жол болған емес. Биылғы жылы жалпы ұзындығы үш шақырымдық көшеге асфальт төселіп, үш бағдаршам орнатылды.

«Ал Бірлік шағынауданында үш көше асфальтталды. Екінші Көкшетауда да екі шақырым жолға асфальт төселді. Мұнда мәдениет үйінің жобасы әзірленді. Құрылыс 2021 жылдың көктемінде басталады», - деді әкім.

Застанционный шағынауданында сегіз көше жөнделді. Қазір мұнда көшелерді орташа жөндеу жобасы әзірленуде.

«Бейбітшілік шағынауданында келесі жылы көшелерді жөндеу жобасы аяқталады. Осында және Шанхайда жарықтандырумен және тротуармен жаңа заманауи көшелер пайда болады», - деп атап өтті қала басшысы.

Сондай-ақ, тубдиспансерге баратын жол жөнделді.