Көкшетау көшелерін жауыннан кейін су шайып кетеді: мәселе қашан шешіледі

Фото: Оксана Матасова/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Жергілікті билік Көкшетауда жаңбырды сорғылау станциясы іске қосылғаннан кейін П.Осипенко көшесін су басу мәселесі шешілуі тиіс деп отыр. 

Көкшетау қаласындағы П.Осипенко көшесін әр жауыннан кейін су басатыны туралы бұған дейін бірнеше рет жазған болатынбыз. Сіркіреген жаңбырдың өзі «Рио» сауда орталығы маңындағы қозғалысты тоқтатып, тұрғындардың діттеген жеріне жетуін қиындатады.

Қала билігінің уәдесіне сәйкес, енді көшені су шаю проблемасы қайталанбайды. Жауын суын жинап, сүзгілер арқылы Қылшақты өзеніне айдайтын шағын сорғылау станциясы көмектеседі. Су алдымен сүзгіден өткізіліп, содан кейін ғана ағызылады.

Фото: Оксана Матасова/Kazinform

Мердігердің айтуынша, бұл су ағынын дұрыс бұрмау кесірінен туындаған. Қазір ақау түзетілді. Сорғы станциясы сағатына 75–80 текше метр су айдай алады. Егер жүйе аталған көлеммен күресе алмаса, қосымша сорғы қосып, қуатын арттыру мүмкіндігі бар.

- Қазір қаланың жаңбыр және дренаж жүйесін салу бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеп жатырмыз. 10-12 ұңғыма арқылы жыл бойы бақылау жүргізіп, содан кейін қаланың толық жүйесін жасаймыз, - деді Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев.

Станция орнату жұмыстарының жалпы құны 40 миллион теңге шамасында болды. Құрылысы үш аптада аяқталған.

Енді тұрғындар жауын жауғанын күтіп отыр, яғни жаңа жүйе су шаюдан расымен де құтқара ала ма, соны тексеру үшін.

Еске сала кетсек, биыл тамызда Көкшетауда жаңа су тазарту құрылыстары іске қосылды.