«Көкшетау-Қостанай» трассасында көлік инспекторларына бір топ адам шабуыл жасады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақмола облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының мамандарына белгісіз адамдар шабуыл жасады. Бұл жайында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылдың 14 сәуір күні «Көкшетау-Қостанай» айналма автожолында, жылжымалы көліктік-бақылау бекетінде кезекшілік атқарып жатқан Ақмола облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының мамандары Ресей Федерациясында тіркелген (мемлекеттік нөмірі E006TB72, 57KEA03 тіркемесінің нөмірі) астық тасымалдайтын «КамАЗ 53205« маркалы көлікті тоқтатты. Көлік каботаждық жүк тасымалымен (ҚР заңнамасымен тыйым салынған) айналысатынына күдік болған», - делінген министрліктің Telegram-парақшасында жарияланған ақпаратта.

Ведомство мәліметінше, тексеру барысында жүргізуші тасымалданатын жүкке құжаттарды ұсынбай автокөлік құралын өлшеу жүргізуден бас тартқан. Автокөлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті ғана ұсынған. Осыдан кейін жүргізуші автокөлік құралын тоқтаған жерінде қалдырып, белгісіз бағытқа кетіп қалған.

Кейін инспекция мамандарына белгісіз тұлғалар келіп, автокөлікті көліктік бақылау өткізбестен жібере салуды талап еткен. Өз кезегінде бекет қызметкерлері өздерінің лауазымдық міндеттерін орындап, жүктің шығу заңдылығын растайтын құжаттарды ұсынуды талап етті.

«2020 жылдың 15 сәуірінде сағат 14:15-те бекет мамандарына мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ үш жеңіл автокөлікпен (Lexus 470 қара түсті, Toyota Land Cruiser 200 шие түсті және Lada Largus ақ түсті) келген 5-6 адамнан тұратын белгісіз топ шабуыл жасады. Олар бекет қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, ұсталған автокөлік құралының құжаттарын алып, көлікті айдап әкеткен. Бекет қызметкерлері көлігінің дөңгелектерін жарып кеткен», - делінген таратылған ақпаратта.

Көліктік бақылау бекетінің қызметкерлері болған оқиға туралы дереу «102» нөміріне хабарлаған. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында жүк көлігі табылды. Шабуыл жасаған адамдарды іздеу және криминалистикалық жұмыстарды Ақмола облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде осы жылдың 22 наурызынан бастап ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бидай экспортына тыйым салған болатын.