«Көкшетау — Петропавл» тас жолын кеңейту ісіне кірісу керек — Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — Негізгі мақсат — еліміздің жолдарының әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың табысын арттыру. Бұл туралы Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Фото: Александр Павский / Kazinform

— Біз Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек. Бұл — стратегиялық міндет. Еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті әлі де тұр. Бұл, әсіресе, солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мәселе. Сондықтан ендігі кезекте «Көкшетау — Петропавл» тас жолын кеңейту ісіне кірісу керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге жәрдем көрсету қажет. Себебі Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі.

— Осы саланы да ретке келтіретін уақыт келді, Үкімет тиісті іс-әрекеттерді қолданады. Негізгі мақсат — еліміздің жолдарының әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың табысын арттыру, — деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысында «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялап жатқанын жазған едік.