Көкшетау тұрғындарының 78 пайызы жергілікті тауарларға сұраныс білдіріп отыр

None
КӨКШЕТАУ. 21 қаңтар. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысы облыстық статистика департаментінің арнайы топ өкілдері тұтыну нарығындағы көпішілік тұтыну тауарларына сұраным деңгейін анықтау мақсатында сауалнама өткізді.

Жауап бергендердің 78 пайызы жергілікті тауарларға басымдық беретінін анықтаған.

Департамент өкілдері сауалнамаға күнделікті сұранымға ие тауарлардың 20 үлгісін ұсынған. Олардың қатарында ет, сүт, күріш, макарон өнімдері, қант, шәй тағы басқалары бар. Сауда орындарындағы сол тауарлардың 57 пайызы - отандық, 30 пайызы - ресейлік, 8 пайызы - ТМД елдерінен, қалғандары алыс шет елдерден жеткізілгендер. Соған сәйкес бағалары да әртүрлі. Айталық, Ресейден әкелінгендер қазақстандық азық-түлік тауарларынан - 36 пайызға, ТМД елдеріне қарағанда - 25 пайызға, басқа елдердегіден 1,6 есеге қымбат. Сауалнамаға қатысқандардың 55 пайызы ұзақ мерзімді тауарлар қорын жасауға ынталы екендіктерін жеткізген. Респонденттердің 14 пайызы - Ресейдің, ал 4 пайызы ТМД және алыс шет ел тауарларына оң көзқарас білдіріп отыр. Бұл ретте елімізде өндірілетін ұн және ұн өнімдері, нан және нан өнімдері, ет және ет өнімдеріне деген сұраныс тұтынушылардың 70-88 пайызын құраған, бұл ішімдік пен майонезге - 66 пайыз, ірімшікке - 58 пайыз, өңделген сүтке 36 пайыз болып отыр.