Көкшетау тұрғыны үйіне жету үшін біреудің көлігін айдап әкеткен

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Мас күйінде біреудің көлігін айдап әкеткен көкшетаулық қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, 3 қаңтарда Көкшетау қалалық ІІБ кезекшілік бөліміне 37 жастағы жергілікті тұрғыннан арыз түскен. Арызданушының сөзінше, қаладағы сауда үйінің біріне кірген кезде оның сыртта тұрған  «Toyota VItz» көлігін белгісіз біреу айдап əкеткен.

Дер кезінде полицияға хабарласқандықтан жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жедел-іздестіру шарасын қолға алып, ІІБ жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камерасының көмегімен күдіктіні қолға түсірді. Күдікті 27 жастағы көкшетаулық болып шықты.

Тергеу амалдары кезінде анықталғандай мас күйінде болған күдікті дүкен маңында иесі жоқ əрі есігі ашық тұрған көлікті айдап əкетеді. Кейін көп ұзамай ұрланған көлікпен жол-көлік оқиғасына ұшырайды. Сол жерде көлікті қалдырып, өзі қашып кетеді.

Күдіктінің түсініктемесіне қарағанда ол ұрланған көлікпен үйіне жетіп қалмақ болған. Алайда, оның бұл қулығынан нəтиже шықпады.

Қазіргі кезде, күдікті үстінен ҚР ҚК 200-бабының 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.