Көкшетауда 1 мамыр мерекесіне орай жасөспірімдер арасында каратэден турнир өтті

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, WKC спорттық каратэден жасөспірімдер арасында турнир өтті. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Елімізде денешынықтыру және спортты дамыту бағытындағы қолға алынған шараға №5 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мұрындық болды.

Жарысқа қатысушыларды аталған мектептің директоры М.Климатов құттықтап, жеңіске жетулеріне тілектестік білдірді.

Турнир барысында жас каратэшілер жеңіске деген жігерліктерін танытып, жоғары деңгейде КАТА, Кумитэ тәсілдері бойынша сайысқа түсті. Жанкүйерлер тарапынан да қызу қолдау аз болмады. Турнирге 6 жастан бастап және одан жоғары жастағы 53 спортшы қатысып, 19 жиынтық медальді сарапқа салды.

Тартысты әрі тартымды өткен сайыста бабы мен бағы қатар шапқан К.Ескенов, Д.Жолбасар, В.Ежовтар қарсылас шыдатпай, турнир жеңімпазы атанды.

"Каратэде ең жоғары жетістік қара белбеу иегері атану. Менің мақсатым - осыған жету", - дейді 6-8 жастағылар арасында Ката тәсілі бойынша жеңімпаз атанған Д.Евченко.