Полиция департаменті хабарлағандай, биылғы жылғы 22 қаңтарда көкшетаулық тұрғын полицияға арызданған. Оның пәтеріне белгісіз біреулер кілтті таңдау арқылы кіріп, 40 миллион теңге салынған сейфін алып кеткен.
«Жедел іс-шаралар барысында бұрын сотталғандар арасында күдікті адамдар анықталды. 31 қаңтарда күдіктілер ұсталды. Үш адамнан тұратын қылмыстық топта бұрын сотталған Көкшетау қаласының екі адам, сондай-ақ, көрші облыстың бір тұрғыны бар. Күдіктілерден заттай айғақтар ретінде 10 миллион теңге сомасында ақша алынды. Ұрланған ақшаның қалған сомасын анықтау бойынша одан әрі жедел тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Сонымен бірге, күдіктілердің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», - деді ведомстводан.
Қазіргі кезде осы қылмысқа байланысты Қылмыстық кодекстің 188-бабының 4-бөлігі «ұрлық» бойынша сотқа дейінгі іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.